«Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысы қашан аяқталады
Ұлытау облысында «Қызылорда-Жезқазған» республикалық маңызы бар автожолының құрылысы бойынша жиналыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2024 жылғы 7 маусымда Жезқазған қаласында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің, облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлының және мердігер мекемелердің өкілдерінің қатысуымен «Қызылорда-Жезқазған» республикалық маңызы бар автомобиль жолының қайта жаңарту жұмыстары бойынша жиналыс өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ұзындығы 208 шақырымды құрайтын «Қызылорда-Жезқазған» жобасын орындауға кірісті.
Жалпы ұзындығы 426 шақырымды құрайтын «Қызылорда-Жезқазған» автожолының қайта жаңарту жобасы Ұлытау және Қызылорда облыстары арқылы өтеді. Ұлытау облысы бойынша қайта жаңарту жұмыстары аясында жолды ІІІ техникалық санаттан ІІ техникалық санатқа ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Азия даму банкімен келісімшартқа қол қойғанға дейін жер телімдерімен және карьерлерді рәсімдеу үшін алдын ала мердігер мекемелер анықталды, - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысында «Қызылорда-Жезқазған» автожолының 12-216 шақырымында қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Ол учаскелердің жалпы ұзындығы 192 шақырымды құрайды, оның 80 шақырымына 2023 жылы асфальтбетон жабыны төселді. Құрылыс нысандарында қуаттылығы 1,3 мың тонна/сағ асатын 7 асфальтбетон зауыт, 824 жұмысшы мен 428 жол техникасы жұмылдырылды.
Бүгінгі күні Қызылорда облысында жобаның 43% жұмысы орындалды (113 шақырым астыңғы қабат, 100 шақырым негізгі қабат, 75 шақырым жол жабынының төменгі қабаты және 43 суөткізгіш құбыр салынды). 2024 жылдың соңына дейін көрсетілген 192 шақырымның 140 шақырымында жол қозғалысын ашу және 2025-2026 жылдар аралығында учаскелерде жұмыстарды кезең-кезеңмен аяқтау жоспарланып отыр.
Ұлытау облысы бойынша «Қызылорда-Жезқазған» автожолының 216-424 шақырымы аралығындағы учаскені 2026 жылдың соңынан қарай аяқтау жоспарлануда.