Қызылордалық тұрғын тері илеу әдісін меңгерген
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Аранды ауылының тұрғыны Қажығали Сырғалиев тері илеу әдісін меңгерген.
Қажығали Жұмамұратұлы – Аранды елді мекеніндегі клубтың меңгерушісі. Бірнеше музыкалық аспапта ойнай білетін өнері бар. Сонымен қатар, 15 жылдан бері тері илеп, құлақшын, тымақ тігумен айналысуда.
Оның айтуынша, аң терісін илеуді өз бетінше үйренген.
«Тері илеуді қолға алғаннан кейін қыстық бас киім піше бастадым. Әуелі құлақшын тігетін балдызымнан үлгісін көріп алдым. О баста Қожабақы ауылының адамдары аңға шығып, дәусемен мен түлкі ұстаған екен. Солардың терісін илеп беруді сұрады. Сөйтіп, бұл істі игеріп кеттім. Қазір кейбір адам құлақшын тіккізеді, кейбірі қолғап, аяқ киімге тапсырыс береді. Жуырда бас киімнің біреуін Ақтауға жөнелттім», – дейді ол.
Қажығали Сырғалиевтың айтуынша, әр аң терісінің өз ерекшелігі бар. Мысалға, дәусемен және түлкінің терісі жарты сағатта иленеді. Қасқырдың терісі қалың болғандықтан, оның иін келтіру үшін жеті күндей уақыт кетеді.
«Тері илеушінің түрлі әдісі бар. Әкпен де, тұзбен де иін келтіруге болады. Ал мен тері илеу үшін айран қолданамын. Алдымен «малма» дейтін сұйықтықты әзірлеп аламыз. Нақтылап айта кетейін, айранды ұйытып, оны матадан жасалған дорбаға құямыз. Дорбаның аузын байлап, ілеміз. Оның астына ыдыс қоямыз. Айранымыз сүзіліп, сары суға айналады, яғни астына қойған ыдысымызға жинала береді. Содан кейін ұн мен кебекті суға қосып, араластырамыз, ашытамыз. Осы «малма» деп аталады.
Малмаға теріні батырып, ыдыстың бетін жауып тастаймын. Қақпақтың үстін ауырлау затпен бастырамыз. Күн сайын төрт-бес рет теріні аударып отыру қажет. Әйтпесе, малма теріге сіңбейді. Сіңбесе, тері қатты болады. Сол себепті, тағы да ұн, кебек, сары су қосуға тура келеді. Терінің иі қану үшін ыдыстағы өнімімізді жылы жерге қоямыз. Аракідік бақылап тұрамыз. Қалыңдығына байланысты тері шамамен он-он бес күн малмада жатады. Ал иі қанғанын қалай біледі? Ол үшін терінің түгін тарту керек, түбі ағарып жарылса, иі қанды деген сөз. Я болмаса теріге тебенді шаншу керек. Егер оңай сұғылса, иінің қанғанын білдіреді», – дейді Қажығали Сырғалиев.
Оның айтуынша, тері малмадан шығарылғаннан кейін ағашқа жайылып, суы сорғытылады. Дегдігенде тері жұмыр ағашқа асып қойылады. Иі, түгі, шелі қырғымен қырып тасталынады. «Теріні илеу әдісі мұнымен бітпейді» дейді ол.
«Тері тазартылса да шикі екені білінеді. Сондықтан, теріні керіп, аязға сорғызамыз, яғни «аязға пісіреміз». Он күндей аязда тұрса, тері ағарып, ширайды. Содан соң үйге әкеліп, кептіріп, талқы құралына саламыз. Осылай тері иленеді», – деді Қажығали Жұмамұратұлы.
Арандылық азамат иленген теріден түрлі бұйым жасайды. Қамытқа құлақбау, үзеңгі бау, қамшы, жүген, шылбыр сияқты дүниелер әзірлейді. Сондай-ақ, құлақшын, тымақ, қолғап, тіпті аяқ киім де тігеді.
Аранды ауылының тұрғыны Әзербай Толыбаевтың айтуынша, күз, қыс айларында Қажығалиға бас киімге тапсырыс берушілер көбейеді.
«Мен Қажекеңнің көршісімін. Аранды ауылы тұрғындарының барлығына дерлік құлақшын, тымақты осы азамат тігіп берді. Еңбегінің бағасын қойып, «пәленбай пұл бер» демейді. Бергеніңді алады. Білуімше, бес мың теңгеден артық алып көрмеді. Қазір алыс аймақтардан да тапсырыс беретіндер пайда болды. Ал адамдар түлкінің, басқа да аңның терісін Қажекеңе әкеліп береді», – дейді Әзербай Толыбаев.