Қызылорда облысының шалғай ауылдарында мал шаруашылығы дамып келеді
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы, Қазалы ауданында мал шаруашылығы саласында өсім бар.
Саланың дамуына мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы зор. Қазіргі таңда ауданда мемлекеттік бағдарламалар мен «Бизнес Бастау» жобасы арқылы қаражат алып, оған мал алып, кәсіп бастағандар жетерлік. Бүгінде ел ішінде мал басын көбейтіп, кәсіп еткен жандардың бірнешеуіне тоқталсақ.
Ауданға қарасты Бекарыстан би ауылының тұрғыны Айымкүл Тәжікбаева «Бизнес Бастау» жобасы аясында грант ұтып алып, бұл қаражатқа сиыр сатып алды.
Қазіргі күні кәсібін ашқысы келетін адамның мүмкіндігі мол. Тек бизнеспен айналысуға деген үлкен ынта болу керек. Кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге тегін грант – жақсы көмек. Қазіргі таңда кәсіпті жаңадан бастап, табыс табуға кірістім. Ең бастысы – өз мойныңызға алған жауапкершілікті сезініп, көмек көрсеткен мемлекеттің сенімін ақтау қажет, - дейді Айымкүл Тәжікбаева.
Аудан тұрғыны көп балалы ана Элизавета Бөрібаева да мал бағуды ұйғарып, оқу курстарынан кейін бизнес-жоспар жасады. Ол ұтып алған грант қаражатына он бес қой сатып алған.
«Көп балалы аналарға да кәсіп жасауына мүмкіндік беріп, қаржылай қолдау көрсеткен мемлекетке алғыс айтамын. Мен ұсақ мал шаруашылығын дамытуды қолға алдым. Себебі қой тез көбейіп, мол табыс табуға болады. Алдағы уақытта кәсібімді дамытуға бар күшімді саламын», - дейді кәсіпкер.
Аудан орталығының тұрғыны Темірхан Нұрғазыұлы да мал өсірушілер қатарын толықтырды. Ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 4 млн. теңге несие алып, 13 сиыр сатып алды. Қазіргі таңда кәсіпкердің сиырлары төлдеп, мал басы көбеюде.
Мал шаруашылығы ауылда кәсіп ашуға жақсы мүмкіндік. Ауылда отырған соң мал шаруашылығын дамытып, сол арқылы өз кәсібіңді дамытқан жөн. Рас, алдымен бұл істің барлық қыр-сырын үйрену керек. Малды да бабын жасасаң, көбейеді, азық болады, табыс та әкеледі, - дейді Темірхан Нұрғазыұлы.
Қазір кәсіпкердің отбасында қолдың сүті арылған емес. Одан айран, сүзбе, құрт әзірлейді. Ал артылған өнім дүкендерде сатылып, түскен ақшаға азық-түлік сатып алынады.
«Ғибрат» шаруа қожалығының басшысы Ниетәлі Әбдікәрімов «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында «Сырдария-1» несие серіктестігі» ЖШС-нен несие алып, 500 бас қой сатып алды. «Қой шаруашылығы шаруаға тиімді» дейтін Ниетәлі, қойды өсіру де, күтімі де қарапайым екенін айтады.
Оның айтуынша, ауыл тұрғындарын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы білген азамат өтініш білдірген. Қаржылық мәселелер шешімін тапқан соң, өзінің әуестенетін кәсібін қолға алып, қой өсіруге көңіл бөлген.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында құс шаруашылығымен айналысатындар көп. Мәселен, Әсел Жарас тауық өсірумен айналысады. Оның мамандығы бойынша теміржолшы.
Мен өзімді мүлде басқа салада сынап көруді жөн санадым. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқу курсын аяқтаған соң, қайтарымсыз грантқа құжат тапсырдым. Кәсіп бастау үшін адамға ең алдымен құлшыныс қажет екен. Егер шын ынталы болсаң, қалаған жұмысты істеуге болады. Қазіргі таңда мамлекет тарапынан көрсетілген көмекке 70 тауық пен екі инкубатор сатып алдым. Уақыт өте құс шаруашылығы біз үшін отбасылық кәсіпке айналды, – дейді Әсел Жарас.
Кәсіпкердің жолдасы мен анасы отбасылық іске қолғабыс етеді.
Үйден құс еті, жұмыртқа арылған емес. Ал артылғанын дүкендерге өткіземіз. Әзірге жұмыс көп емес. Тек тауықтың жем-суын уақытылы беріп отырамыз. Жақында инкубатордан балапандар шығады, сол кезде жұмыста көбейетін болады. Қазір бір жалақымен өмір сүретін заман емес. Күш-қуатымыз жеткілікті кезде қиындықтардан қорықпай, жалқаулыққа бой алдырмай жұмыс істеу керек. Өзіңе күмән келтірмей, алға ұмтылу қажет. Сонда ғана табысты бола аласыз, - дейді Әсел Жарас.
Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырғандардың бірі – Шиелі ауданы Талаптан ауыл округінің тұрғыны Сұлушаш Мырзағұлова.
Кәсіпкер өткен жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында 583 400 теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Сұлушаш Мырзағұлованың мал шаруашылығын дамытуына барлық жағдай жасалған. Бұған дейін оның шағын фермасы, мал азығы мен жайылымдық жері бар. Кәсіпкер мемлекет тарапынан алған грантқа сүт бағытындағы асыл тұқымды сиыр сатып алды. Қазіргі таңда кәсіпкер тек сүт емес, құрт, май, сүзбе, айран сынды сүт өнімдерін де сатады.
Ауылда жұмыс жеткілікті, әсіресе мемлекет қазір жас кәсіпкерлерді белсенді түрде қолдауға дайын. Ең бастысы, ерінбеу керек, – дейді Сұлушаш Мырзағұлова.
Қазіргі күні бұл ауылда 120 адам кәсіпкерлікпен айналысса, олардың дені жастар.
Ауылдық округ әкімі Амангелді Өмірәлінің айтуынша, өткен жылы ауылдың 24 тұрғыны өз кәсіптерін ашып, бизнесті дамыту үшін грант алған.
Өңірде жыл сайын мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндердің саны артып келеді. Себебі мемлекет тарапынан кәсіп жасауға ниетті жандарға жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар бөлінуде. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқу курсын аяқтаған соң ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер ала алатын тегін гранттар қарастырылған. Бұл ретте грант алуға атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелері, сонымен қатар тарихи отанына оралған қандастар ғана кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарына қатыспастан құжат тапсыра алады. Өтеусіз грант сомасы 555 600 теңгені құрайды. Оның үстіне ақшаның белгілі бір мақсаты бар – олар бизнес-жобада көрсетілгендей қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ мал, құс сатып алуға жұмсалуы керек. Мемлекет тарапынан берілетін қаражатты үй-жайды жалға алу ақысын төлеуге де пайдалануға болады.