Қызылорда облысында жаңа автовокзал ашылды
Қызылорда облысында өңір тұрғындарына сапалы қызмет көрсету мақсатында жаңа автовокзал ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сырдарияның сол жағалауынан салынған сапаржай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күрежолына жақын орналасқандықтан автобустар қала ішіне кірмейді. Бір мезетте 200 жолаушыға қызмет көрсететін автовокзалда 38 бағытқа рейс ашылады. Сапаржайды салуға өңір қазынасынан 975 миллион теңге жұмсалды. Мұнда медициналық-санитарлық көмек көрсету, диспетчерлік бекет және жүк сақтау камералары бар. Сонымен бірге ана мен бала, жүргізушілердің демалыс бөлмесі қарастырылған. Одан бөлек мүгедектігі бар жандардың кедергісіз қозғалысына қажетті құрылғылармен жабдықталған.
Тасбөгет, Белкөл, Ақжарма секілді қаланың шеткі аудандарынан қатынайтын қоғамдық көліктен бөлек 11 ауданаралық автобустарға қызмет көрсететін сапаржайдан көршілес мемлекеттерге де бағыт ашылды. Автовокзалда жолаушыларды түсіруге 6, сапарға аттанатындарға 11 перрон қарастырылған.
Облысаралық, ауданаралық және 1 мемлекетаралық Ташкент қаласына маршрутты қамтамасыз ететін болады. Жұмыс жүргізу кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Қызылорда қаласында жеке автовокзал болған бұрын. Ол қазір қала ішінде қалды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына көліктің кедергісіз шығуына байланысты осы автовокзал құрылысын салып бітірдік. 1 кезекте бағыттар жүргізіп жатырмыз Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандарына қарай, - дейді жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.
Жалпы соңғы жылдары өңірдің басты көлік-логистикалық нысандарын жаңартуға баса мән беріліп келеді. Теміржол вокзалы заманауи үлгіде қайта жаңғыртылды. Енді жуырда жаңа әуежай терминалы қолданысқа беріледі деп жоспарланған.