Қызылорда облысында құсбегілер арасында ел чемпионаты өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел біріншілігіне 12 өңірден 70 құс және 90 саятшы қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Сыр өңірінде қолына қыран қондыратын құсбегі азайып кеткен. Ат бәйгесі, жамбы ату, көкпар десе делебесі қозып, ішкен асын жерге қоятындар жетеді. Бірақ саятшылыққа келгенде Сыр бойындағы елдің жіберген есесі көп. Осы олқылықтың орын толтыру үшін кұсбегіліктен алғаш рет ересектер арасындағы ел чемпионаты өткізілді. 

Аңға шүйліккен құстардың қатарында бүркіттен бөлек ителгі мен қаршыға болды. Күнде көгершін, үйрек пен қоянның балғын етін аңсайтын 2 жасар қаршығасын сайлап келген Серікбек Күнтуғанұлы құс баптау бейнеті көп іс екенін айтады. Сондықтан көп адам құсбегілікке беттей бермейтін көрінеді. 

Оңай емес қой бұның тамағын тауып беру. Бүркіт күніне 1-2 келі ет жеп қояды. Бір қоянның өзі сондай шығады. Ал бұлар жоқ дегенде 300 гр жейді күніне. Қиындау енді. Ата-бабамыздан келе жатқан кәсіп – төл өнер болғаннан кейін іргеде құс отырмаса, байыз тауып отыра алмайтын адамбыз, – деді құсбегі Серікбек Күнтуған.

Бүкіл Сыр бойынан бүркіт баптауға бел буған азамат Ғалымжан Өміртайдың құсбегілікке бет бұрғанына жарты жыл ғана болған. Қоян іліп көрмеген құсын тәуекел деп, дүбірлі додаға салып отыр. 

Енді үйреніп жатырмын. Екеуміз бір-бірімізді тәрбиелеп жатырмыз. Бүркітшілер айтып жатыр. Бүркіт асыраған адамның өзі сол бүркітіне ұқсас болып кетеді мінезі деп. Аң патшасы арыстанды қатты ұстайды таяқпен үйретіп. Қазақстанда 432 құс бар, соның патшасы болған бүркітті қолыма қондырғаннан кейін бұны мәпелеп ұстау керек екен, – дейді құсбегі Ғалымжан Өміртай.

Жемсауын толтырып, баптауы қанша қиын десек те бабадан балаға мұра болған бекзат өнерден қазақ бас тартпақ емес. Тарбағатай мен Алтай, Алатаудың бөктерінде құсбегілік жақсы дамыған. Ол жақта табиғатпен тілдесуге ықылас білдірген жастардың саны 200-ден асады екен. Сол саятшылықтың ерекше қасиетін сезіндіру мақсатында ұйымдастырылған сайыстың мән-маңызы зор.

Жалпы бүгінгі өтіп жатқан жарыстың барысы не? Қаншама көрермендер келіп жатыр. Ауруға байланысты көрерменді азайтып жатыр ғой. Дегенмен жастардың қаршыға, сұңқар ұстап біздің артымыздан ілесіп жүргенінің өзіне қуанамыз. Өйткені біз қотыр тайын жаталап, тобылғы сапты қамшысын қолына алып, екі қанат бір құйрықты құсын қолына қондырған қазақпыз. Бабалар тектілігін әрі қарай жалғауымыз керек, – дейді құсбегі Тәттімбет Кәпұлы.

Сонымен 3 күнге созылған жарыс қорытындысымен атыраулық бүркітші жеңімпаз атанды. Ителгілер сайысындағы бас жүлде маңғыстаулық құсбегіге бұйырса, қаршығалар бәсекесінде түркістандықтардың мерейі үстем болды. Айтпақшы, бұдан былай бүркіт, ителгі мен қаршығаның ет-жемі мемлекет тарапынан бөлінетін болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы