Қызылорда облысында полицей кәріз құдығына құлаған сәбиді құтқарды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысы Арал ауданында тұратын полиция қызметкері Дәуренбек Жанайбеков кәріз құдығына құлаған 1.5 жастағы сәбиді құтқарып қалды, деп хабарлады 24.kz.
Сол күні жұмысынан келіп үйінде демалып жатқан Дәуренбек сырттағы айқай-шуды естіді. Тездетіп сыртқа шығып, жағдайды бірден түсінеді. Көрші үйдің ес біліп қалған баласы Дамир кәріз құдығы жақты нұсқаған. Дәуренбек құдықтың беті ашық тұрғанын көрді. Оның ішінде 2 метрдей төменде сәби лас суға түсіп кеткен.
«Лас суға түсіп кеткен сәби біраз есін жоғалтып алған секілді. Әлсіз қолдарын ербеңдетіп қояды. Оны бірден ұстап алуға мүмкіндік болған жоқ. Құдық ішіндегі тымырсық ауа да еркін қимыл жасауға мүмкіндік берер емес. Әйтеуір бүлдіршінді лас судан шығарып сыртта тұрған адамдарға беріп үлгердім», - деді Дәуренбек.
Кәріз құдығы ішіндегі ауа оны әлсіретіп жіберді. Өзінің одан шығуға мүмкіндігі болған жоқ. Сол жерде есінен танып құлап қалды. Оны сырттағы жігіттер құдықтан шығарып алды.
Одан кейін Дәуренбек ауруханада жансақтау бөлімінде ем алды. Құдықтағы судан құтқарылған балаға да дәрігерлер медициналық көмек көрсетті.