Қызылорда облысында мақсары майы өндіріледі

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында 7 жылдан бері «AB INVEST GROUP» ЖШС сығымдалған бірегей мақсары майын өндіріп келеді. 

Осы уақытқа дейін серіктестік өз өнімдерін тек Қытай еліне экспорттаса, биылдан бастап қызылордалықтар да жергілікті өнімді тұтынуға мүмкіндік алып отыр.

Кеңес заманында Сыр өңірінің диханшылары мақсары тұқымын өсіруге ынта танытпады. Әр ауылда май шайқағыш аппараттар болғанымен, бұл дақылды өсіруге шаруалар құлықсыз болды. Дақылдан майды сығып алу қиындығы, оны өсірудің агротехнологиясының дамымағандығы секілді шаруалар мақсары өсіруге кедергі келтірді. Уақыт өте келе, бұл дақыл нарықта сұранысқа ие болды. 

2015 жылы облыста «AB INVEST GROUP» ЖШС өкілдері облыс тарихындағы алғашқы мақсары өңдейтін зауытты іске қосты. Кәсіпорында престеу арқылы май алуға мүмкіндік беретін ресейлік жоғары технологиялық заманауи жабдықтары қолданылады. Мұндай жағдайда майда табиғи хош иіс, дәм және барлық биологиялық құнды компоненттер толығымен сақталады.

Кәсіпорын директоры Ғалым Дүйсенбаевтың айтуынша, зауыт өз қаражатына ашылған. Серіктестік жұмысын бастаған алғашқы жылы өнімді жеткізу және өткізу бойынша келіссөздер мен келісімшарттар жасалған. Тек екінші жалдан бастап  Қызылорда мақсары майы үлкен көлемде экспорттала бастады. Негізгі сатып алушы Қытайдың «Каньтяньюань» ірі азық-түлік корпорациясы.

Біздің майдың басты айырмашылығы ол 100 пайыз табиғи. Ресей мемлекетінен әкелінген құрылғылар химикатсыз салқын май экстракциясын шығарады. Өніміміздің құрамында ГМО және түрлі қоспалар жоқ. Кәсіпорын қысқа мерзім ішінде май экспорттаушылар арасында өз орнын тауып, Қытай елінің ірі азық-түлік компанияларымен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Жалпы 2018 жылы Қытайға 100 тоннадан астам мақсары майын экспорттадық, - дейді Ғалым Дүйсенбаев.

Кәсіпорынға мақсары тұқымын жергілікті шаруалар өсіріп, жеткізеді. Майды өндіру алдында тұқым мұқият тазаланады, бұл өнімнің сапасы үшін өте маңызды. Өнімді сүзу кезінде ұнтақ сүзгілері қолданылмайды. Бұл процесс арнайы сүзгіш мата арқылы жүзеге асырылады. Бұл өнімнің сапасы мен пайдалы қасиеттеріне де оң әсер етеді.

Мақсары тұқымының адам денсаулығына пайдасы көп екенін көпшілік біле бермейді. Мысалы, линол қышқылы, сондай-ақ мақсары құрамындағы басқа полиқанықпаған май қышқылдары қандағы холестеринді төмендетеді, бұл миокард инфарктісімен, тромбоздың, атеросклероздың және ишемиялық аурулардың асқынуымен күресуге көмектеседі. Сонымен қатар, бұл өнімді пайдалану артық салмақпен күресуге көмектеседі. Жасартатын, холеретикалық және диуретикалық әсер береді. Май жүйке жүйесінің ауруларына, иммунитетті арттыруға, сондай-ақ жүрек-тамыр аурулары мен онкологиялық ауруларды емдеуге пайдалы.

Мақсары тұқымының майы қартаюға қарсы кремдер, күннен қорғайтын лосьондар, бальзамдар және құрғақ шашқа арналған сусабындар жасау үшін қолданылады. 

Мақсары майын өндіру қалдықсыз өндіріс екені белгілі. Мақсары майының сығындысынан қалған қалдықты мал азығына пайдаланса, сапасыз тұқымын құс шаруашылыған пайдалануға болады. 

Қазіргі таңда облыстың ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер мақсары дақылының тиімді екенін білді. Жалпы мақсары жер талғамайды, тұзды жерге төзеді, суды көп қажет етпейді. Яғни, мақсары өсірудің экономикалық тиімділігіне күмән жоқ.

Өнімнің экологиялық таза болуын қадағалаймыз. Сыр өңірінде өсірілген мақсары дақылы барлық технологиялық талаптарға сай келеді. Шикізатты жеткізуші диханшылар да  пестицидтер мен гербицидтерсіз экологиялық таза тұқымдарды өсіреді. Тұқымның сапасы зертханада мұқият тексеріледі. Сонымен қатар, біз майды тазартпаймыз, тек сүзгіден өткіземіз, яғни өнімнің барлық пайдалы қасиеттерін сақтаймыз, - дейді Ғалым Дүйсенбаев.

Қазіргі таңда бұл зауытта 10-нан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар өңірлік жұмыспен қамту орталығы арқылы тағы бірнеше адам жұмысқа орналастырылған. Кәсіпорынның барлық қызметкерлері біліктілігін арттырып отырады. 

Айта кету керек, «AB INVEST GROUP» ЖШС өндіретін мақсары майы «Қазақстанның үздік тауары-2018» облыстық байқауында сәтті дебют жасап, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар «Сауда үздігі-2018» республикалық байқауында «Үздік көтерме-өндірістік кәсіпорын» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленді.

Кәсіпорынның дәмді де, пайдалы мақсары майы қазір «Көктөбе» брендімен Қызылорда дүкендерінің сөрелерінде сатылымда бар. 

Қызылорда облыстық ауылшаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Жүсіпбек Әжібековтің айтуынша, биылғы жылдың егісінде аймақ бойынша 164 тонна мақсары тұқымы дайындалған. 

Қазіргі таңда шаруашылықтарда құйылған тұқымдарды себу дәрежесіне жеткізу үшін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Облыс бойынша құйылған 164 тонна мақсары тұқымының 15,5 тоннасы, яғни, 10 пайызы толығымен себілді. «Ыбырай Жахаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты» ЖШС тарапынан жасалынған облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің оңтайлы мерзімдеріне сәйкес, биылғы жылы ерте көктемде егілетін дақылдарды егу наурыз айының 10-да басталды. Бүгінгі күнге, облыста 3,3 мың гектар мақсары тұқымы егілді, - дейді Жүсіпбек Әжібеков. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы