Қызылорда облысында кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары басталады
Қызылорда облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ошағы болуы мүмкін 106 елді мекен анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның 17-сі Шиелі ауданында. Қауіпті аумақтарды залалсыздандыруға арнайы мамандандырылған мекемелер жұмылдырылып отыр. Бүгін залалсыздандыру жұмыстары Сыр өңірінің оңтүстігінен басталды. Дәрілеу шарасы аясында 30 мың мал қора, 0,68 шаршы шақырым буферлік аймақ және 556 мың мал басы қамтылады.
Ал Шиелі ауданы бойынша 7 мыңдай қор-қопсы мен 17 елді мекеннің айналасына санитарлық қорғаныш аймағы құрылады.
Бұл шараларға 8 техника мен 10 адам жұмылған. Зиянкестер препараттарға бой үйретіп алмау үшін 2-3 жыл сайын жаңа түрі қолданылады. Жалпы кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары жыл сайын 2 рет жүргізіледі. Қолайсыз елді мекендердегі санитариялық қорғаныс аймақтары, қора жайлар, буферлік аумақтар кенеге қарсы түгел залалсыздандырылмақ. Бұл жұмыстардың екінші кезеңі күзде жалғасады.
Бүгінгі таңда өте қауіпті кезеңдер басталып жатыр. Өйткені табиғатта қыстап шыққан кенелер, аш кенелер барынша максималды түрде жан жануарларға жабысып, қорек іздей бастайды. Осыған байланысты, ауа райының қолайлығына байланысты 11 сәуірден бастап облысымыздың оңтүстігінен Шиелі, Жаңақорған аудандарынан бүгін кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары басталады, - деді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының м. а. Әлия Әбдіқайымова.