Қызылорда облысында кене шағу дерегі 4 есе артты
Қызылорда облысында кене шағу дерегі өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Облыс Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Аймақта аталған инфекцияның қоздырғышын тасымалдайтын иксодты кенелердің 16 түрі мекендейді.
«Биыл кене шағу дерегі өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге артқан. Былтыр ол 238 адамды құраса, биыл 964 деректі құрап отыр. Сонымен қатар кенелердің арасында ауру қоздырғышының анықталуы да жоғары. Былтыр облыс бойынша 113 елді мекен қолайсыз аймақтар қатарына қосылған, биыл олардың саны 116-ға жетті», - деді Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау депаратментінің баспасөз хатшысы Айман Жанахаева.
Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының көктемгі кезеңі 11 сәуір мен 14 маусым аралығында жүргізілді. Қолайсыз елді мекендердегі санитариялық қорғаныс аймақтары, қора жайлар, буферлік аймақтар кенеге қарсы түгел залалсыздандырылды. Өңдеу тиімділігі 98 пайызды құрады. Күзгі кезеңі 19 тамызда басталды, ол 25 қазанға дейін жүргізіледі.
«Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына 43 күдікті жағдай тіркелді. Олардың 15-і зертханалық жолмен расталды. Басым көпшілігі 30 жастан асқан адамдар арасында анықталды. Аталған дерттен 4 адам көз жұмды» - деп атап өтті ведомстводан.