Қызылорда облысында халық табысының төмендеуіне не себеп?

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттердің даму көрсеткіші инфрақұрылымымен, экономикасымен, ғылыми-технологиялық өзгерістерімен ғана өлшенбейді. Дамудың алғышарты – ондағы тұрғындар өмірінің сапасы мен халықтың табысында. Кейінгі жылдары елімізде халыктың табысы бiртiндеп өсiп келеді. 

Мәселен, өткен жылы бұл өсiм 5 пайызды құраған. Алайда бұл көрсеткішке қарамастан кей аймақтарда тұрғындар табысының аздығы байқалады. Осы жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкiметтiң кеңейтiлген отырысында: «Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал Қызылорда облысында халықтың табысы тіптен азайып кетті. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес», - деді. 

Қызылорда облысында халық табысының төмендеуіне не себеп? Жұмыспен қамту жобалары өз тиімділігін көрсетпей келе ме? Тұрғындардың табысын арттыру бағытында қандай шаралар қолға алынбақ? Осы сұрақтардың жауабын тауып, тапқанымызды бірге талқылап көрелік.

Айлығы аз аймақ

2020 жылы айлығы аз аймақтардың алғашқы легінен Түркістан мен Жамбыл облыстары көрінген болатын. Жыл сайын алмасып отыратын көрсеткіш орташа айлық көлеміне байланысты болғанымен, бірнеше маңызды саланың осалдығын аңдатады. Мәселен, табыстың төмендігі азаматтың білімімен, жұмыспен қамтылуымен, демографиялық жағдаймен, кәсіпкерліктің дамуымен тікелей байланысты. Айта кетейік, ағымдағы жылдың 14 сәуірінде Үкіметтің №218 қаулысымен «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» Кешенді жоспары бекітілді. Ондағы басты мақсат – бюджеттен бөлінетін жалақыны арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың сатып алу қабілетін қорғау, табыс деңгейін арттырудың жүйелі шараларын жүзеге асыру арқылы халық табысын арттыру.

Ал статистика керісінше сөйлейді. Сыр өңірінде кейінгі екі жылда халықтың табыс көлемі тым төмендеген. Мысалы, 2019 жылы халықтың нақты қаржылық табысы өткен жылмен салыстыра қарағанда 109,4 процент болса, 2020 жылда өсу динамика біршама төмендеген, 103,8 процент болған. Ал 2021 жылы жауапты сала басшылары тарапынан жіберілген кемшілік салдарынан бұл динамика одан сайын төмендеп, 99,9 процент көрсетті. 

Қызылорда облысы табысы тым төмен аймақтардың қатарында екенін президенттің үкімет отырысындағы сөзінен кейін білдім. Тұрғын ретінде мұның себебі неде екенін тап басып айта алмаймын. Алайда тек әйелі немесе бір ғана адам жұмыс істейтін отбасылар бар. Ауылдық жердегілер мал бағып, егін егіп күн көреді. Ауылдық, аудандық жерден кәсіпорындар, жұмыс орны көптеп ашылса, бұл да жақсы шешім болар ме еді? Немесе дипломы болса да, мамандығымен жұмыс істегісі келмейтіндер де табылар. Жалпы бәсекелестік болса, кадрлық жағынан да, өнімнің сапасы жағынан да жақсы нәтиже болады деп ойлаймын. Сол жағдайда жоғары табысты да талап етуге болады, – дейді Азат Рақымбай есімді тұрғын.

Ал облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабайдың айтуынша, ағымдағы жылы мұғалімдердің жалақысын ұлғайтуға республикалық бюджеттен 65,4 млрд тенге бөлінген. Қазіргі таңда әлеyметтiк қамсыздандыру, спорт, және мәдениет саласындағы мамандардың еңбекақысын жоғарылату үшін республикалық бюджеттен 4,3 млрд тенге бөлінді. Сондай-ақ, 2022 жылдан бастап облыстағы бiлiм берy ұйымдарының педагогтарын, медuциналық-әлеyметтiк мекемелерінің, yйде қызмет көрсетy, жұмыспен қамтy орталықтарның басқарyшы, негiзгi пеpсоналдарының жұмыскерлерiн, медицuна және фармацевтuка қызметкерлерiн қоспағанда, азаматтық қызметшілердiң, мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен ұсталатын ұйымдар кызметкерлерiнiң лаyазымдық айлық ақыларын 2 есеге арттыру тапсырылған. Яғни, өңірде ең төмен жалақы алатындар – еден жуушы, аспазшы, сантехник, электрик, көлік жүргізушілері. Осы салаларда қызмет ететіндердің айлық табысын көбейту мақсатында жыл басында республикалық бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлінсе, алдағы 3 жылда республикалық бюджеттен қосымша тағы 83,5 млрд теңге бөлу жоспарлануда.

Мамандық бірдей, айлық әртүрлі

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, өңірлер бойынша ең жоғарғы орташа жалақы Атырау облысында тіркелген. Яғни жалақы мөлшері 386,4 мың теңгені құрайды, бұл орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,8 есе артық. Ал ең төменгі орташа жалақы 159,3 мың теңгені құраған. Бұл бүкіл ел бойынша орташа деңгейден 24,9%-ға төмен. Мұндай төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген екен. 

Электронды еңбек биржасында ұсынылған ең жоғары жалақы төленетін бос жұмыс орындары – риэлторлар (орта есеппен 900 мың теңге), бас құрылысшылар (824 мың теңге) және объективті бақылау жөніндегі инженерлер (800 мың теңге), – деді еңбек министрлігі ресми мәлімдемесінде.

Өңірдегі ахуалға оралсақ, жоғары айлық алатындардың қатарында мұғалімдер жиі кездесетін болса, табысы төмендердің тізімінде көлік жүргізушілер көп. Мұғалімдер жалақысы мен оған қойылатын талаптың артуы бұл мамандыққа деген қоғамдық көзқарасты өзгерткендей. Қызылорда облысында сағаты мен пәнге байланысты мұғалімдер әртүрлі айлық алады. 

ЖОО-ны бітіріп, мамандығым бойынша мұғалім боп жұмыс істегеніме – бір жыл. Тәжірибесіз келгендіктен басқа мұғалімдерден айлығым аздау. Шамамен 200 мыңның үстінде. Алайда бұл мамандықтың жалақысы басқа өңірлерге қарағанда көбірек. Мысалы, дәл мен сияқты бакалаврды бітіріп, тәжірибесіз келген мамандар 180 мыңдай алуы мүмкін, – дейді математика пәнінің мұғалімі, жас маман Ұлмекен Рүстемқызы.

Біздің кезде университетке тапсырып, оқудың ізінен қуғандар аз болды. Ауылда туып-өстік. Қара күш пен іске икемділік болса болды деп жүре бердік те, кейін көлік жүргізу құқығын алдық. Қанша жылдан бері көлік жүргізушісі боп ақша тауып жүрмін. Айлық табысымыз салыстырмалы түрде аз. Мәселен, қала ішінде жүріп, күнделікті Indriver қосымшасымен тапсырыс қабылдап отыру арқылы 7-10 мың табуға болады, кейде оған да жетпейді. Ал Астана, Алматы, Шымкент секілді үлкен қалаларда таксист болып бұдан көбірек табуға болады. Дегенмен шығындар жағынан келген құны бірдей болатын шығар. Мегаполистерде күнделікті қажеттіліктегі азық-түлік, жалдамалы пәтерлер де қымбат қой, – дейді шілденің шіліңгір ыстығында да такси қызметімен отбасын асырап жүрген Құрмет есімді азамат.

Жылына 100 жаңа жұмыс орнын ашу керек

Аталған мәселеге қатысты халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ оның игілігін көрмей жүрміз. 

Ең алдымен жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуы тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жұмыспен қамтылу – тұрғындардың өмір сапасының басты критерийі ғана емес, түрлі құқықбұзушылық пен қылмыстың, тіпті, материалдық жағдайға қатысты орын алатын отбасылық мәселелердің алдын алудың алғышарты. Мемлекеттік маңызы бар мәселе бойынша өңірдегі ахуал қандай? Статистикаға сүйенсек, жұмыссыздар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстарғанда 9 адамға төмендеген. Өңірде 16999 адам екі қолға бір күрек таппағандардың санатына кіреді. Жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,9 процент болса, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 4 процентті құрайды. Жоспар бойынша 2022 жылы 30 490 жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс. Ал 1 шілдеге дейін 11 836 жаңа жұмыс орны ашылып, қызылордалықтардың игілігі үшін қызмет ете бастаған. 

Айта кету керек, өңір бойынша жыл сайын орташа есеппен 25 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Президент көтерген мәселенің шешімін табу мақсатында облыста ағымдағы жылдың ақпан айында «Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы»қабылданған. Яғни 128 жоба бойынша 1469 жұмыс орнын ашу көзделуде, оның ішінде 621-і уақытша, 848-і тұрақты. Ағымдағы жылы жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтуға арналған «Алғашқы жұмыс», түлектерге арналған «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісім шарты» бойынша жалақы көлемі мен мерзімі ұзартылды. Сонымен қатар, соңғы екі аптада Электрондық еңбек биржысында 973 бос жұмыс орындары жарияланған, соның ішінде 393 тұрақты. Жұмыспен қамту органдарында 15 мыңнан астам жұмыссыздарды есепте тұрады. Ол азаматтар осы ұсынылған жұмыстардан бас тартады. Жұмыс ауыр, айлығы төмен деген секілді басқа да себеп жиі айтылады, – дейді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы