Қызылорда облысында бизнесті дамыту мәселелері талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық экономика министрі Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды ҰЭМ баспасөз қызметі.
Кездесуде салық саясаты, тарифті белгілеу, мұнай-газ секторын дамыту, экология, жұмыспен қамту, импортты алмастыру мәселелері, сондай-ақ санкциялардың экономикаға әсері талқыланды.
Ә.Қуантыров атап өткендей, Үкімет туындаған мәселелерге қатысты, оның ішінде экономиканы дамыту бойынша бірқатар шаралар қабылдады.
Өз кезегінде, Министрлік өңірлік саясатты жетілдіру және моно мен шағын қалаларды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары жалпы құны 1,4 трлн. теңге болатын 125 іс-шараны қарастырады. Ол 2025 жылға дейін есептелген және инвестициялық жобаларды іске асыруға, тұрғын үй және өзге де инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған,-деп нақтылады ол.
Бұдан басқа, Министрлік ауылдық жерлерді кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта 2009 жылдан бастап "Дипломмен ауылға" жобасы іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты ауылдық жерлерге келген мамандарды ынталандыру және орнықтыру.
Биыл тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беруге 20 млрд. теңге қарастырылған. Қызылорда облысы бойынша 517 маман үшін 2,4 млрд. теңге бөлінді, - деп атап өтті министр.
Қоғамдық кеңес мүшелері әр бағыт бойынша өз пікірлерін білдірді. Ә.Қуантыров қоғамшылдардың ұсыныстары мұқият қаралатынына сендірді.
Қызылорда қаласында Министр азаматтарды жеке қабылдап, "Мағжан и К" ЖШС күріш өңдеу зауытында болды. Кәсіпорынның жылдық жобалық қуаттылығы 33 600 тонна.
Облыс әкімдігінде экономикалық ведомство басшысы кәсіпкерлермен кездесті. Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, соның ішінде ШОБ жүктемесін азайту, салық жеңілдіктері мен қаржыландыруға қолжетімділік қаралды.