Қызылорда облысы Еуропаға қамыс экспорттай бастады
Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті жыл санап артып келеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, өткен жылдың 1 мамырына облыстан 12,5 млн доллардың 22 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 15 мемлекетіне экспортталды.
Олардың арасында күріш, балық өнімдері, күріш қалдығы, қамыс бар.
Қызылорда облысынан экспортталған барлық өнімнің басым бөлігі — күріш. Бұл өнімдер Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Түркіменстан, Грузия, Моңғолия және өзге де елдерге жол тартқан. Қызылорда облысынан Польша, Литва, Германия, Франция, Грузия, Әзірбайжан, Австрия, Нидерланды, Ресей, Қытай, Дания, Чехия және Румыния мемлекеттеріне балық жөнелтілді. Ал Германия, Дания, Нидерланд, Польша және Францияға қамыс жіберілді. Еуропа елдерінде қамыс үйлердің шатырына арналған тоқыма себетін жасауға пайдаланылады.
Бұл өнім биыл алғаш рет экспортқа шығарылған. Бүгінгі күнге дейін 122,1 тонна Германияға жіберілген. Мамандардың айтуынша, астық тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік — қамыс жер шарында кеңінен таралған. Тек Арктика мен Антарктидада кездеспейді. Қазақстанда жерасты суы жер бетіне жақын жатқан шалғынды, құмды, сортаң жерлерде өсетін 2 түрі бар. Ең жиі кездесетіні — кәдімгі қамыс немесе құрақ. Қамыстан себет тоқылады, құрылыста қолданылады. Одан химиялық өңдеу жолымен шайыр, метил спирті, сірке қышқылы, қағаз алынады.
Айта кетсек, Сыр өңірінде биыл 191,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Негізгі дақыл күріштің көлемі — 83,1 мың гектар. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 2,9 мың гектарға азайтылды.
Оның ішінде күріштің көлемі 7,8 мың гектарға төмендетілді. Облыста егісті әртараптандыру жалғасын табады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл 31,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 1,5 пайызға артқан. Негізгі қорға салынған инвестиция 5,2 пайыз, ол тамақ өнімдерін өндіруде 28,1 пайызға өскен.