Қызылорда облысында денсаулық сақтау нысандарының 86% жаңартылды

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы алты жылда апатты жағдайдағы 57 денсаулық сақтау нысанының 49-ы қайта салынды, қалған 8-і таяу екі жылдың ішінде аяқталады. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдында берген есебінде мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, соңғы 5 жылда облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының 63% жаңғыртылды.

«Былтыр Арал ауданының Бекбауыл ауылында, Қазалы ауданының Өркендеу ауылында және Сырдария ауданындағы Ақжарма ауылында 3 жаңа ауылдық амбулатория, сондай-ақ Арал және Қазалы аудандық орталық ауруханалары пайдалануға берілді. Шиелі аудандық орталық ауруханасының құрылысы жақын арада аяқталады, сондай-ақ, Жалағаш аудандық ауруханасының құрылысы басталады», – дейді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпсалалы аурухана құрылысының жобасы әзірленуде. Жобаны облыс орталығының сол жақ жағалауында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыру жоспарлануда.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы денсаулық сақтау саласы мамандарының тапшылығын азайту үшін шешімдер қабылданғанын жеткізді.

«2018 жылы жалпы тәжірибедегі 30 дәрігерді дайындау үшін облыс әкімінің арнайы гранттары тағайындалды. 2016 жылдан бастап медицина саласындағы мамандардың тапшылығын болдырмау үшін Қазақстанның 5 жетекші жоғары оқу орындарында облыс әкімдігінің гранты бойынша 42 резидент білім алуда. Биыл өңір үшін қажетті мамандықтар бойынша алғашқы 16 білікті дәрігер оқуын аяқтайды», – дейді Қырымбек Көшербаев.

Сондай-ақ, өткен жылы 720 дәрігер мен 767 маман өз білімдерін жетілдіріп, біліктілігін арттырды.

Айта кетейік, былтыр Қызылорда облысы республикада бірінші болып Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) "Өңірлер денсаулық үшін" еуропалық желісіне кірді. Бұл Еуропа елдерінде енгізілетін озық технологияларды қолдауға, денсаулық сақтаудың зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға және өңірдегі бастапқы медициналық санитарлық көмек (БМСК) бойынша үздік әлемдік тәжірибені бейімдеуге мүмкіндік береді.

Ибраш Әли

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы