Қызығы мен қиындығы қатар жүретін кинология мамандығы
Қала тыныштығы, тұрғындардың қауіпсіздігі, қылмыскерлерді құрықтау, заңсыз іс әрекеттерді анықтау барысында әскери қызметкерлердің жауапкершілігі жоғары. Дегенмен кейбір қылмыстық іс-әрекеттерде төрт аяқты жануардың да маңызды рөл атқаратын сәттері болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қызмет кезінде қылмыскерді құрықтау, есірті мен жарылғыш заттарды табу барысында иісшіл иттер көмекке келеді. Ал сол иттерді дайындайтын кинолог мамандар.
Осы орайда кинологтардың жұмысымен танысып, иттерді қалай үйрететінін білу үшін Ақмола өңірлік гарнизонының әскери полиция басқармасының кинология бөліміне бет бұрған едік.
Бөлімге барған бойда бізді Ақмола өңірлік гарнизон әскери полиция басқармасының кинология бөлімінің бастығы Нұржан Найзақұл қарсы алды.
Қазір бұл бөлімде 4 ит бар. Бізге Бони және Сара есімді иттерді көруге мүмкіндік туды. Қалған екі ит қызметте екен.
Бони есірткі затын табуға көмектеседі. 2016 жылы мемлекеттік сатып алулармен алынған күшік. Қазір жасы 7-де. Итті өзінің сүйікті добын тығып соны табу арқылы үйретеді.
Сара, жарылғыш заттарды анықтап, табуға көмектеседі.
Азаматтық борышын өтеуге келген сарбаздардың ішінде кинолог болғысы келетіндері де бар. Күнделікті қызмет барысында келіп, кинологтың жұмысымен танысып, үйренеді. Ұнап жатса, қалып қызмет етеді.
Иттерді 2 ай аралығында таңдап алынады. Содан кейін шамамен 7-8 жыл қызмет атқарады. Иттерді үйрету барысында күнде жаттығу жұмыстарын жасап тұру керек. Біраз уақыт үзіліс болып қалған жағдайда үйренген жаттығуларын ұмытып қалуы мүмкін. Сондықтан күніне 4 сағат жаттығады.
Неміс овчаркасы кинологтарға жақсы көмектеседі. Одан бөлек белгиялық овчаркалар да бар. Белгиялық овчарка өте жылдам, шаршамайтын шапшаң қимылдайтын ит.
Итті үйретуге көп уақыт кетеді. Кейбір иттер қойылған тапсырманы жылдам орындайды. Иттерді көбінесе ойын әдісімен үйретеміз. Жалпы, үйрету барысында итті ұруға болмайды. Ол да кез-келген қиын сәтте өз иесінен көмек күтеді. Ол сөйлей алмағанмен, тілін түсінген адамға оны іс-қимылмен білдіреді,- дейді Нұржан Найзақұл.
Маманның айтуынша, қызметтік иттер бір адамға үйренсе, сол адамның ғана бұйрығын орындайды. Ал екінші адамға үйрену үшін кемінде 2-3 жыл уақыт керек.
Иттер қызметін атқарып болған соң арнайы жеке кинологиялық орталықтарға тапсырылады.
Жұмысымен танысқан Бони мен Сара есімді иттер түрлі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанған.