Қызметкерлеріміздің 50 пайызы Қазақстан мамандары – Хамад Аль Хажри 

Қазақстан – Қатар инвестициялық форумына Қатардан 30-дан аса компания қатысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.   

Қазақстан – Қатар инвестициялық форумы аясында 625 млн АҚШ долларын құрайтын 12 келісімге қол қойылады. Онымен қоса, жоғары оқу орындары арасында келісімдерге қол жеткізіледі. Бұл жобалардың іске асуы болашақта ауыл шаруашылығы, тау-кен, медицина, туризм және IT салаларын қамтиды, - деді «Kazakh invest» ұлттық компаниясының Қатардағы өкілі Құрманғали Аманқос. 

Оның айтуынша, Қазақстан – Қатар инвестициялық форумына Қатардың ірі-ірі, ұлттық компаниялары қатысып, Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытып жатыр. Сонымен қатар, Қатардың Қазақстанда сәтті жұмыс істеп жатқан компаниялары да бар. Олардың бірі – «SNOONU» компаниясы.

Біздің компания қазір IT саласында жұмыс істеп жатыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелгенбіз. Қазақстанның IT мамандары өте білікті. Қазір Астана мен Алматыда кеңселеріміз ашылды. Қызметкерлер саны 80 адам. Оның ішінде Қазақстанның IT университеттерінің түлектері бар, - деді «SNOONU» компаниясының негізін қалаушы Хамад Аль Хажри.  

Ол болашақта Қазақстанның IT университеттерімен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отырғанын да айтты.   

Біздің компания Яндекс, Amazon, Alibaba-мен бәсекелесетін болады. Өйткені ол компаниялардың да жоғары білікті мамандарын өзімізге шақырдық. Қазір бізде жақсы тәжірибе алмасу жүріп жатыр. Қазақстандық мамандарды да оқытып жатырмыз. Біздің компанияны Қатар – Қазақстан компаниясы деп сеніммен айтуға болады. Өйткені қызметкерлеріміздің 50 пайызы Қазақстан мамандары. Олардың біздің компанияда жұмыс істейтініне қуаныштымын, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы