Қызметкерлердің жалақысынан бірыңғай төлем алынады
Келесі жылдан бастап қызметкерлердің жалақысынан төленетін бірыңғай төлем енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған төлем жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді есептеу мен төлеуді жеңілдетеді. Бұл туралы ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдейді.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы салық режимдерін қолданатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын салық төлеушілер үшін:
- оңайлатылған декларация негізінде;
- ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін;
- шаруа немесе фермер қожалықтары үшін
қызметкерлердің табысынан жеке табыс салығы және әлеуметтік төлемдерді ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттемелерді орындауды оңайлату мақсатында жалақыдан бірыңғай төлем енгізіледі.
Мұндай тәртіпті ерікті түрде қолданылады.
Бірыңғай төлемге: қызметкерлердің табысынан жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар енгізіледі.
2023 жылы Бірыңғай төлем мөлшерлемесі еңбекақы төлеу қорының 20% (оның ішінде жеке табыс салығының үлесі -9%) құрайды (мөлшерлемені кезең кезеңімен ұлғайту көзделген: 2024ж. - 21,5%, 2025ж. – 23,8%, 2026ж. – 24,8%, 2027ж. – 25,8% және 2028ж. – 26,3%). Бірыңғай төлемді есептеу кезінде әлеуметтік төлемдер бойынша белгіленген жеңілдіктер ескеріледі.
Бірыңғай төлем «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының шотына бір төлеммен аударылады, ол төлемдерді белгіленген тәртіпке сәйкес бөледі және бірыңғай төлем төлеушілердің есебін жүргізеді.
Бірыңғай төлемнің есептелген сомасы қолданылатын салық салу режиміне байланысты 200.00, 910.00 және 920.00 нысанды декларацияларда көрсетіледі.