Қызметінен босатылған министр өлі күйінде табылды
Ресей Федерациясының бұрынғы көлік министрі Роман Старовойттың өлі денесі 7 шілде күні Мәскеу маңындағы Одинцово ауданынан табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы DW мен ресейлік ақпарат құралдары мәлімдеді.
Оның денесінен оқ тиген жарақат анықталған.
Старовойттың өлімі – Владимир Путиннің оны отставкаға жіберу туралы жарлығы шыққаннан кейін бірнеше сағат өткен соң тіркелген. Осы жағдай ресейлік саяси элита арасында үлкен дүрбелең туғызды. Саясаттанушылардың пайымдауынша, бұл тек бір адамның қазасы ғана емес, жүйе ішіндегі ескі сенімнің күйреу белгісі болуы мүмкін.
Қылмыстық іс және болжамды өз-өзіне қол салу
Болжам бойынша, Старовойт өзін-өзі атып өлтірген. РФ Тергеу комитеті негізгі нұсқа ретінде суицидті қарастыруда. Алайда оқиға орнынан тараған бейнежазбаларда марқұмның денесі көлік ішінде емес, шөптің үстінде жатқан сәті көрінеді. Бұл дерек оқиғаның шынайылығына күмән тудырып, түрлі конспирологиялық болжамдарға жол ашты.
Старовойттың аты Курск облысындағы фортификациялық құрылыстарға бөлінген 19,4 млрд рубльге қатысты қаражат жымқыру ісінде атала бастаған. Куәгерлер қатарында оның орынбасары Алексей Смирновтың есімі де бар. "Коммерсантъ" мәліметінше, кейбір айыпталушылар тергеуге куәлік берген. Сарапшылар Старовойт тергеуге тартылуы мүмкін екенін білген соң өз-өзіне қол салуға барған болуы ықтимал деп болжайды.
Ел алдында сенімді көрінген шенеунік
Айта кетейік, қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын Старовойт Владимир Путинге Ресейдегі әуежай инфрақұрылымы туралы есеп берген. Сондай-ақ маусым айында өткен Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында жаңа инвестициялық жобалар туралы сенімділікпен сөз сөйлеген.
Мұның бәрі оның қоғам алдындағы бейнесі мен ішкі шындығының арасында алшақтық болғанын көрсететіндей. Саясаттанушы Михаил Виноградов бұл жағдай мемлекеттік құрылымдардағы дүрбелең мен үйлесімсіздікті ашып берді деп бағалайды.
Таңертең жұмысқа келген шенеуніктер мүлде басқа шындыққа тап болды. Кешке дейін бәрі үнсіз қалды. Кешкісін жай ғана басқа біреу тағайындалды. Ал марқұм туралы некролог тек министрлік сайтында ғана жарық көрді, - деп жазады ол.