Қыздарға адам папилломасына қарсы екпе салынады. Вирус жайлы не білеміз?

АПВ инфекциясын жұқтыру жатыр мойны обырын, вульва мен қынаптың, көмей мен ауыз куысының қатерлі ісігін тудыруы мүмкін. Бүгінгі таңда АПВ-ның емі жоқ, алдын алудың жалғыз әдісі - вакцинация. Жалпы АПВ деген не? Вирусқа қарсы вакцинаны Қазақстанда кімге салдырады? Вакцина тиімді ме? Бұл сұрақтарға Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Айжан Серікбайқызы, алдымен адам папилломасы вирусы жайлы түсіндіріп берсеңіз. Ол неден пайда болады?

- Адам папилломасы вирусы – бүкіл әлемде өте кең таралған, шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін вирустар тобының жалпы атауы. Вирустың 190-нан астам түрі белгілі, олардың кем дегенде 13-і қатерлі ісіктің дамуына әкеледі.

АПВ негізінен жыныстық қатынас арқылы таралады және АПВ инфекцияларының көпшілігі жыныстық қатынас басталғаннан кейін көп ұзамай пайда болады.

Вирус қауіпті, өйткені ол тез тарала алады, жасушалардың қатерлі ісігінің қайта шығуының және салдарынан қатерлі ісіктің дамуының қоздырғышына айналады.

Көбінесе инфекция асимптоматикалық, сондықтан адамда АПВ бар-жоғын арнайы зертханалық талдаудан кейін ғана білуге болады. АПВ инфекцияларының көпшілігінде сыртқы белгілер жоқ.

Жатыр мойны обыры ауруының (ЖМО) дамуы адам папилломасы вирусының (АПВ) инфекциясына байланысты екені ғылыми дәлелденген. АПВ жұқтырудың және оның дамуының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация.

ДДҰ мәліметтері бойынша, ЖМО ауруы әлемдегі барлық қатерлі ісік ауруының құрылымында 13%-ға дейін алады. Әлемде жыл сайын ЖМО ауруынан 300 мыңға дейін әйел қайтыс болады.

Қазақстанда жыл сайын 1 600-ден астам жағдай тіркеліп, 500-ден астам әйел қайтыс болады. Қатерлі ісік ауруының құрылымында ЖМО ауруы 5-орында, ал өлім-жітім құрылымында – 8-орында.

Бүгінгі таңда 125-ке жуық ел (АҚШ, Канада, Австралия, Бразилия, Венесуэла, Ұлыбритания және т.б.) өздерінің ұлттық иммундау бағдарламаларына АПВ-ға қарсы вакцинаны енгізді.

Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес "2023-2025 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар" шеңберінде АПВ-ға қарсы вакцинацияны енгізу көзделген.

АПВ-ға қарсы вакцинацияны енгізу бойынша дайындық жұмыстары басталды. Енгізу шамамен биылдың 3 тоқсанында жоспарланып отыр.

ДДҰ ұсынымдарына сәйкес вакцинация үшін ұсынылатын топ 9-14 жас аралығындағы қыз балалар. Осыған байланысты ҚР-да 11 жастағы қыздарға вакцинация жүргізу биыл III тоқсанда жоспарланып отыр.

- АПВ-ға қарсы вакциналар қаншалықты тиімді әрі қауіпсіз?

- Әлемдік деңгейде АПВ вакцинасы өзінің қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеді.

Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді және әлемнің 125 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстанда жүргізіледі.

Жасөспірім қыздар арасында АПВ-ға қарсы вакцинацияның тиімді екендігі дәлелденді. Австралияда, АҚШ-та вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ таралуы 90%-ға төмендеді.

АПВ вакцинациясының арқасында жатыр мойны обырын жоюға болады.

Бүгін қыздарға АПВ вакцинасын алу туралы шешім қабылдағанда, сіз оларды болашақта онкологиядан сақтайсыз.

- Биыл АПВ-ға қарсы вакцинацияны қанша қыз алады?

- Биылдың күзінде Денсаулық сақтау министрлігі 11 жастағы 175 мыңға жуық қызды АПВ-ға қарсы вакцинациялауды жоспарлап отыр.

- АПВ-ға қарсы вакцинация қалай жүргізіледі?

- Вакцина тегін негізде білім беру ұйымдарының егу кабинеттері арқылы қолжетімді болады. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинацияны тіркелген жері бойынша емханалардан алуға болады.

Вакцинация ата-аналардың немесе қамқоршылардың ақпараттандырылған келісімімен жүргізіледі.

АПВ-ға қарсы вакцинация қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда дәрігердің қарауынан кейін жүргізіледі.

АПВ-ға қарсы вакциналар стандартты 0,5 мл көлемде иықтың дельта түріндегі бұлшықетінің ішіне енгізіледі.

- Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинацияның қандай кестесі қолданылады?

- ДДҰ ақпаратына сәйкес, вакцинация кестесі негізінен егілген адамның жасына байланысты айқындалады.

ДДҰ ұсынымын, өндірушінің нұсқаулығын, Қазақстан Республикасында халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың Ұлттық техникалық консультативтік тобының ұсынымдарын ескере отырып, 6 ай аралықпен 2 дозадан тұратын қыздарға арналған АПВ-ға қарсы вакцинациялау кестесі ұсынылды.

Айта кету керек, кез келген вакцинация, соның ішінде АПВ вакцинациясы ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін ғана жасалады.

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы