Қыздардың шотын төлеп, "жомарттық" жасаған жігіт жауапқа тартылды
Астанада түнгі клубта қыздардың ақшасын ұрлап, сонымен олардың шотын төлеген жігіт жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елордадағы түнгі клубтардың бірінде полиция қызметкерлері ақшалай қаражат ұрлығын ашты.
Белгілі болғандай, 29 жастағы ер адам ойын-сауық орнында уақыт өткізіп, қыздармен танысқан. Әңгіме барысында ол қыздардың бірінің сөмкесінен ақша ұрлап, кейін сол қаражатқа өз және олардың есебін «жомарттықпен» төлеп берген. Біраз уақыттан кейін бойжеткендер ақшаның жоғалғанын байқап, полицияға жүгінген. Полицейлер күдіктіні жедел анықтап, жауапкершілікке тартты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп жазылған хабарламада.
Полиция азаматтарға сақ болуды және жеке заттарын, әсіресе адамдар көп жиналатын демалыс орындарында, қараусыз қалдырмауды ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда "жарылыс жасаймын" деп қорқытқан жас жігіт ұсталғанын жаздық.