Бүгiн 2026, 11:11 Фото: gov.kz

Қарағандыда қызанақ тұқымынан қауіпті вирус табылды

Ресейден жеткізілген қызанақ тұқымдарының партиясынан карантиндік вирус анықталды.

Қарағанды облысында фитосанитариялық бақылау барысында Ресей Федерациясынан жеткізілген қызанақ тұқымдарының партиясынан карантиндік вирус табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық аумақтық инспекцияның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы жоспарлы карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау шараларын жүргізу кезінде импортталған өнімнен сынама алған. Тексеру аясында қызанақ тұқымдарының 130 қаптамасы зертханалық сараптамаға жіберілді.

«Фитосанитария» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүргізген зерттеу нәтижесінде үлгілерден карантиндік нысандар тізіміне енгізілген қызанақ жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусы – Tomato brown rugose fruit virus (ToBRFV) анықталған.

Аталған вирус қызанақ дақылдарына елеулі қауіп төндіреді. Ол өсімдіктің өнімділігін төмендетіп, жемістің сапасын нашарлатады. Ауру жұққан жағдайда егін көлемі азайып, шаруашылықтарға экономикалық шығын келуі мүмкін.

Осы дерекке байланысты әкімшілік іс материалдары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы саудаға қатысушыларға карантинге жатқызылатын өнімдерді ел аумағына әкелу кезінде фитосанитариялық талаптарды қатаң сақтаудың маңыздылығын тағы да ескертті. Бақылау рәсімдері мен қауіпсіздік нормаларын сақтау – аграрлық сектордың тұрақтылығын қамтамасыз етудің және елдің фитосанитариялық қауіпсіздігін қорғаудың негізгі кепілі