Алматыда жерасты өткелінде қыз зорлаған қаскөй ұсталды
Алматы, BAQ.KZ. Алматыда осыдан бір ай бұрын қызды жерасты өткелінде зорлаған адам ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Алматылық жас қыз бір ай бұрын қорлық көрген. Түнде үйіне қайтіп келе жатқанда Райымбек даңғылы мен Яссауи көшесінің қиылысындағы жерасты өткелінде белгісіз адам оған тап берген.
Әуезов аудандық Полиция басқармасының басшысы Әлішер Тұрсынбетовтың айтуынша, қаскүнем қызға жерасты өткелінде тап беріп, дене жарақатын салады. Одан әрі адам аз жүретін жерге сүйреп апарып, қорлаған.
Осы қылмысты ашу үшін арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Жәбірленушінің айтуымен, күдіктінің сурет эскизі жасалды. Қараңғыда қаскүнемнің бет-әлпетін байқап, оның мінез-құлық ерекшеліктерін есте сақтау мүмкін емес екені түсінікті. Бірақ қыз тергеуге осы қылмыстың ашылуында маңызды рөл атқаратын ақпараттың барлығын ұсынды. Жақында күдікті ұсталды. Ол 39 жаста. Алматыда тұрақты жұмысы және тұрғылықты жері жоқ. Кездейсоқ пайда табумен күн көреді. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Сол кезде ол мас болғанын айтты. Қазір ол қамауға алынды. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы бойынша қылмыс негізінде тергелуде, - дейді Тұрсынбетов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алматыда ХҚКО жұмыс істеп жатқан жоқ
Өзгелердің жаңалығы