Қыз Жібек сияқты: Димаштың қарындасының қыз ұзатудағы образы қанша тұрады

Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің қарындасы – Раушан Құдайберген жақында жаңа өмірге қадам басты. Оның қыз ұзатудағы бейнесі әлеуметтік желілерде оқырмандардың таңданысын тудырды. Желі қолданушылары қалыңдықтың образы қаншаға түскенін есептеп шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Раушан Құдайберген қазақстандық дизайнер Argimbayev тіккен киімді киді.

Ақ түсті көйлек – 250 мың теңге, кәжекей – 500 мың теңге, ал алтын түсті кесте мен қауырсынмен әшекейленген тақия – 65 мың теңге. Қолмен тігілген камзолдың бағасы – 1 миллион теңге. Осындай үйлесім қазақ сәнінің классикалық стилін айқын көрсетті.

Киімнің ең басты әрі көз тартар бөлігі – қазақстандық дизайнер Elmira Ibragimova шебер қолынан шыққан сәукеле болды. Нағыз музей төріне лайық өнер туындысы іспетті бұл бас киім күміс, қымбат тастар және сусар терісімен әшекейленген. Құны – 3,78 миллион теңге.

Сәукелені толықтыра түсу үшін оған қазақ зергерлік өнерінің інжу-маржандары қосылған: шекелек (810 мың тг), сәнді шаштарақ (864 мың тг), бесбілезік (783 мың тг), өңіржек (648 мың тг), сырға (378 мың тг), шашбау (850,5 мың тг) және асыл үзбелі белбеу (1,89 млн тг).

Жалпы, қалыңдықтың толық образы 11,8 миллион теңгеге бағаланғанымен, оның шынайы құндылығы ақшамен емес, ұлттық мақтаныштың айқын көрінісімен өлшенеді.

Әлеуметтік желілерде тамсана жазған пікірлер көп: “Бір көргенде Қыз Жібектің өзін көргендей болдық”, “Қазақ мәдениетін бүкіл әлемге дәл осылай көрсету керек”, “Әр бөлшегі – тірі тарих”.

Бірі мұндай киімдерді сирек кездесетін сән-салтанат деп бағаласа, енді бірі дәстүрді сақтау мен дәріптеудің ең жақсы жолы осы екенін айтады.

Тойдың жалпы атмосферасы кинодан алынғандай әсер қалдырды: нәзік көзқарастар, үлкендердің ыстық батасы, ұлттық әшекейлердегі күмістің жылтырауы... Сол сәтте Раушан эпостан түскендей, сұлулықтың, нәзіктіктің және ұрпақтар сабақтастығының символына айналды.

Халық не дейді?

• "Егер мүмкіндік болса, неге жасамасқа. Баласы үшін ешкім аямайды ғой. Ең бастысы – бақытты болсын".

• "Ол бүкіл әлемге қазақ халқының ұлттық идеологиясын көрсетті. Әрине, мүмкіндік болса, қазақ қыздары да Димаштың қарындасындай қымбат әшекей мен камзол кисе жақсы болар еді, бірақ қарапайым халықтың оған шамасы жетпейді".

• "Қыз ұзатуда Димаш пен ата-анасы қазақтың ұлттық киімдері мен дәстүрін керемет көрсетті. Мен оларға тәнтімін. Раушан бақытты болсын! Қазақ халқының мақтанышы Димаш аман болсын. Образы өте әдемі, қайта-қайта қарай бергің келеді".

• "Ұлттық әшекей – шебердің туындысы, оны арзан бағалауға болмайды! Тамаша той, сұлу қалыңдық, салт-дәстүрдің шыңы. Құрмет! Раушанның жолы ашық болсын".

• "Қазақтың киім үлгілері мен әшекейлері керемет, мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ қарапайым халықтың оған мүмкіндігі жоқ. Егер қазақтар ұлттық киім кисін десе, оны қарапайым адамдарға қолжетімді ету керек".

• "Ең бастысы – қазақ тойының сұлулығын көрсетті. Нағыз үлгі, нағыз мәдениет, нағыз тектілік!"

• "Бақытты болсын. Димаштың қарындасы болғандықтан, оған бүкіл әлем қарайтыны сөзсіз. Қазақтың ұлттық өнерін, ерекшелігін жеткізген образы қандай сүйкімді! Бағада емес, сапада. Барлығы үйлесімді".

• "Той қазақ халқының ең жақсы дәстүрлерімен өтті. Әшекейлер керемет және оған өте жарасқан. Мұндай бақыт әр қазақ қызына бұйырсын. Күміс алтыннан да қымбат, ал ұлттық зергерлік өнермен ол тіпті құндырақ. Барлығы әдемі әрі салтанатты болды. Раушанның ата-анасына, туыстарына, бауыры мен жеңгесіне үлкен алғыс".

• "Бірақ неге неше теңге тұрғанын жариялады?! Бұл нағыз дәстүрлі той болды! Раушан – лайықты! Ата-анасының парасаты мен ақылдылығы тәнті етеді! Димашқа да осындай бақыт бұйырсын! Ол еңбегімен қарындасына дәстүрлі той жасап берді".

Еске салайық, жақында Димаш қарындасына "Бақытты бол, қарлығашым!" деген әнін арнаған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы