“Қыз өзі кінәлі”, “Маған қатысы жоқ”: Зорлық құрбаны болған заңгермен сұқбат
Заңгер Ләззат Рақышева бірнеше жылдан бері зорлық-зомбылық құрбаны болған балалар мен әйелдерге қолдау көрсетіп келе жатыр. Маман BAQ.KZ тілшісіне берген сұқбатында қандай ауыр кейстермен жұмыс істегенін әңгімелеп берді.
Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ашылған “One Stop service - Бір қадам” орталығының үйлестірушісі, заңгер Ләззат Рақышева соңғы 8 жылмен салыстырғанда қазіргі таңда заң өзгеріп, қатаңдатылғанын атап өтті. Заңгер бұл өзгерісті оң бағалады.
Рақышеваның мәліметінше, «Human Rights Lawyers» қоғамдық қоры 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Құрылған күннен бастап қор өкілдері еліміздегі талай резонанс іске қатысқан. Зорланған қаншама бала мен әйелге тегін көмек көрсеткен.
“One Stop service – Бір қадам” орталығы ҚР Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының “Human Rights Lawyers” қорымен бірлесіп жүзеге асыратын жоба. Былтыр орталыққа 2000-ға жуық адам хабарласса, биыл 2500-ге жуық адам көмек сұрап келген.
Рақышеваның пікірінше, заңды орындайтын қызметкерлер өз жұмыстарын дұрыс атқарғанда, зорлық-зомбылықты баяғыда-ақ тоқтатуға болатын еді.
Өйткені бұрын заңгер болмағандықтан, көп нәрсені білмедім, түсінбедім. Біз “зорлық-зомбылық көп” деп ойлаймыз, бірақ оны тоқтату үшін жан-жақты жұмыс істеу қажет. Ал бізде ондай жан-жақты жұмыс өте аз. Мысалы, 8 жыл ішінде мен байқаған нәрсе – заңға көп өзгеріс енгізілді. Бұрын тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа, педофилдерге қатысты заң өте осал болатын. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық жақында ғана заңға толыққанды енгізілді. Бұрын бала зорлағандарды өмір бойына соттамайтын. Қазір, мысалы, кішкентай балаларды зорлағандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады, ешқандай жеңілдіксіз, – деп, заңгер заңның қатайтылғанына қуанатынын жеткізді.
“Туған әкесі үш кішкентай қызын зорлаған...”
Ол бұрын заңның осал екенін салыстыра отырып, бір мысал келтірді.
Мен салыстырмалы түрде өзіме келген кейстермен салыстырамын. Бұрын заң өте осал болды. 2009 жылы туған әкесі үш кішкентай қызын зорлаған іс болды. Сол үшін ол небәрі 18 жыл ғана алды. Өз туған балалары – бауыр еті. 18 жыл деген – ол өмір бойғы жазамен тең болу керек еді. Қазір дәл сондай ісі үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын берер еді, – деді Ләззат Рақышева.
Заңгер Қазақстандағы тағы өте ауыр кейстердің бірін еске алды.
10 жыл бұрын 12 жастағы қыз полицияға барып, “мені нағашы ағам зорлады” деп арыз береді. Бірақ полиция қызметкерлері ешқандай іс-әрекет жасамайды. Зорланғаны анық болса да, сараптамада бәрі көрсетілсе де, істі қысқартып тастайды. Соның кесірінен ол педофил 10 жыл ішінде қаншама адамды, балаларды зорлады. Ақыры осы жолы оны 22 жылға соттады. Сол істі қайта көтердік. Ол жерде мен жалғыз болған жоқпын, командамызбен жұмыс істедік. Бірақ сол істі бастапқыда қысқартып жіберген тергеуші кейін қайта сол істі жүргізуге алғаны мені таңғалдырды. Ол “бұл істе дәлел жоқ” деді. Кейін мен облысқа барып, арыз жаздым. Тергеушілердің бәрін істен шеттетуді талап еттім. Өйткені бұрынғы сараптамалардың бәрі бар: психиатриялық, психологиялық, сот-медициналық сараптамалар – бәрінде баланың зорланғаны анық көрсетілген. Міне осы істі қысқартқан адамдардың кесірінен педофил қаншама баланың өмірін құртты. Сондықтан олар да кінәлі. Прокуратура да, тергеушілер де жауап беруі керек. Олар да қатаң жазаға тартылуы керек, тіпті бас бостандығынан айыратын жаза болуы қажет. Сол кезде ғана жауапкершілік пайда болады. Қазір ешқандай жауапкершілік жоқ, – деп есептейді маман.
Сөзінше, Қазақстанда бұл – бірінші кейс. Бұрын кішкентай бала зорланған істер қайта көтерілмеген.
“Қыз өзі кінәлі” дейтіндер бар
“One Stop service – Бір қадам” орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Заңгерлік кеңес – тегін, психологиялық кеңес – тегін.
“Ләззатқа келген хаттар” деген айдарым бар. Сол жерден де өте көп ақпарат келеді. Инстаграм парақшама да зорлық-зомбылық туралы көп адам жазады. Біздің Human Rights Lawyers қоғамдық қорының да белсенді парақшалары бар: Instagram, TikTok, Facebook, Twitter – бәрінен ақпарат келеді. Менің нөмірім – “жедел желі”. Бүкіл хабарламалар маған түседі, – дейді заңгер.
Рақышева “жедел желіге” азаматтар көбіне қандай шағыммен хабарласатынын айтты.
Өкінішке қарай, көбінесе зорланғандар хабарласады. Бірден “қандай жағдаймен?” деп сұраймын. Егер дәл қазір көмек керек болса, жедел жәрдем немесе 102, 112-ге хабарласу керек деп бағыттаймын. Ал 111 call-орталығы - зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар мен әйелдерге кеңес беретін жедел желі нөмірі. Бірақ көбі полицияға хабарласып, ешқандай іс-қимыл болмағаннан кейін бізге келеді. Кейбір адамдар дағдарыс орталықтары барын, тегін заңгерлік көмек барын мүлде білмейді. Біз соларды бағыттаймыз. Күйеулерінен таяқ жеп, қайда баратынын білмеген әйелдерді дағдарыс орталықтарына жібереміз. Бәрімен меморандум бар. Бізде арнайы адвокаттар түнде де жұмыс істейді. Көмек қажет болса, сол мамандарымызға бағыттаймыз. Олар толық консультация береді. Қаласа, сол адвокаттарды жалдайды. Бірақ заңгерлік, психологиялық көмек – тегін. Команда болып соттарға қатысамыз. Резонанс ауыр істерде міндеттерді бөлісеміз: біреу талап-арыз дайындайды, біреу психологиялық сарапқа жауап береді, біреу адвокат ретінде қатысады. Ал өзім келген істің барлығына қатысамын, – деп түсіндірді ол.
Заңгердің сөзінше, ең өкініштісі – туған әкелер, аталар, ағалар тарапынан зорлық фактілері өте көп. Қазір әлеуметтік желіде бәрі ашық тұр. Бұрын адамдар қайда жүгінерін білмеді. Қазір әлеуметтік желі арқылы айғайлап, әділдік іздеп жатады – бұл да дұрыс.
Биыл қор өкілдері Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру бойынша жоба жүргізген. Жалпы бұл жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында қор Қазақстан бойынша тренингтер өткізген. Бес облыста 65 тренинг ұйымдастырды: Алматы облысы, Жетісу облысы, Жамбыл облысы, Абай облысы, Алматы қаласы, Талдықорған.
Ләззат Рақышева әріптестерімен бірге халық арасында сауалнама жүргізген. Заңгерлердің байқауынша, адамдардың көбі заңды білмейді, өміріне немқұрайлы қарайды. 70%-ы өз құқығын білсе, ал қалған 30%-ының кейбірі тіпті қайда баратынын да білмейді. Оған себеп заңгер айтып өткендей, мұндай көмектерге көп адам басына іс түспеген соң жүгіне бермейді. “Маған қатысы жоқ, ондай сұрақ қойма” дейтіндер де бар. Сондықтан заңгер халықтың құқықтық сауатын көтеру керек деп санайды.
Сауалнамадан тағы байқағанымыздай: көпшілік педофилдерге өлім жазасын сұрайды. Ал ер адамдардың арасында, барлығы емес, бірақ “қыз өзі кінәлі” дейтіндер бар. “Сегіз жастағы қыз қалай кінәлі болады?” дегенімде “Екі жақтан қарау керек” дейді. Мен: “Үлкен еркек пен бала арасындағы зорлыққа екі тараптан қарауға болмайды. Кішкентай баланы зорлау – бұл қылмыс”, – деймін. Өкінішке қарай, адамдардың құқықтық сауаттылығы төмен. Зорлық-зомбылықты норма деп қабылдайтындар бар. “Қыз дұрыс киінбеген” деген әңгімелер бар. “Төрт-бес жастағы бала қысқа киім киді ме?” – деп сұраймын. Сонда нені айтып тұр? Өкінішке қарай, қоғамда түрлі адамдар бар екеніне көзім жетті, – дейді маман өз әңгімесінде.
Заңгер өзі де алты жасында зорланған...
Бізде тағы екі жоба бар: әлеуметтік волонтерларды дайындау. Осал топтарға мейірімділік, қолдау көрсетуге үйретеміз. Жастарды тәрбиелейміз. Сонымен қатар түрмелерге барып жүрміз. Өйткені сотталғандар да адам. Олар ертең қоғамға қайта келеді. Сол кезде агрессивті болмай, қайта қылмысқа бармауы үшін психологиялық жұмыс жүргізілуі керек. Біз Алматы облысы, Жетісу облысы, балалар колониясы, әйелдер колониясымен меморандум жасадық. Түрмеде қайта әлеуметтендіру жұмыстары өте әлсіз. Оны күшейту қажет, – дейді Ләззат Рақышева.
Ол өз тәжірибесін бөлісуге бірнеше жыл бұрын АҚШ-қа барған.
2023 жылы зорлық-зомбылық тәжірибемді бөлісу үшін АҚШ-қа оқуға бардым. Түрмеде жұмыс істейтін мамандармен кездестім. Олар Америкада қылмыскерді бостандыққа шығар алдында психологтар оның психологиясын тексереді, өкінді ме, жоқ па – соны анықтайтынын білдім. Өкінбесе, алты ай арнайы курс оқытады. Сол курсты өтпесе, босатпайды. Бізге де сондай жүйе енгізу керек. Егер адам кінәсін мойындамаса, оны арнайы есепте ұстап, бағдарламалармен жұмыс істеу қажет, – деген ұсыныс айтты заңгер.
Заңгер Ләззат Рақышева кішкентайында зорлық көргенін айтып, қазір бір педофилді болса да, түрмеге жіберу өзі үшін үлкен жетістік екенін айтты.
Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Себебі мен өзім де кезінде зорланғанмын. Бірақ оның бәрі артта қалды. Қазір зорланған балаға, әйелге көмек көрсетіп, олардың алғысын алғаным – мен үшін ең үлкен күш. Бір педофил қамалса да, бұл үлкен жеңіс. Бір педофил қаншама баланы зорлауы мүмкін. Біз оның қанша адамға зиян тигізгенін білмейміз. Сондықтан біреуін болса да түрмеге жіберу – үлкен жетістік. Психологтар, психиатрлар “көмектесейік” деп жиі айтады. Бірақ маған ондай көмек қажет емес. Мен өзімді жақсы сезінемін. Себебі әр жеңіс – сол алты жаста зорланған Ләззаттың жеңісі. Сол кішкентай Ләззат қазір әділдікке жетіп жатыр, – дейді заңгер Рақышева.
Оның пайымынша, адвокаттар мен заңгерлер мұндай істерді көп ала бермейді. Олар көбіне педофилдің жағын қорғайды, өйткені педофилдерде ақша көп. Ал зорланғандардың көбі – осал топтардан, түрлі қиын жағдайдағы отбасылардан. Олар үлкен ақша төлей алмайды. Сондықтан осы салаға адамгершілікпен келу керек. Мықты адвокаттарды осы бағытта көп дайындау қажет.
Заңгерден кеңес
Ең алдымен, балалар ұялмай, қорықпай ата-анасына айтуы керек. Ата-аналар балаларымен үнемі сөйлесіп, жағдайын бақылап отыруы керек. Қыз баланың көңіл-күйі өзгерсе, ол бірден байқалады – тұйықталады, сөйлемейді. Кішкентай кезінен бастап балаларға денесін ешкім ұстауға болмайтынын үйрету қажет. Мектепте, балабақшада да айту керек. Ұялатын нәрсе жоқ. Алдын алу жұмыстары жасалмаса, педофилия тоқтамайды, – деп кеңес берді заңгер Ләззат Рақышева.
Егер зорлық-зомбылыққа тап болса, міндетті түрде полицияға арыз жазу керек. Полиция қабылдамаса, прокуратураға жүгіну қажет. Болмаса “One Stop service – Бір қадам” орталығына хабарласуға болады.
Тағы айтарым: теледидарда пайдасыз дүниені көрсете бергенше, зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмек беретін орталықтардың жарнамасын көбірек көрсету керек. Адам көп жүретін жерлерге ақпарат тарату қажет, – деп санайды ол.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға 2024 жылы 15 сәуірде қол қойған болатын.