Қыз алып қашуды насихаттайтын әндердің мәтіні тексерілмек
Бұдан былай Мәдениет және ақпарат министрлігі отандық орындаушылардың қыз алып қашу тақырыбы көрініс табатын ән мәтіндерін ерекше назарға алатын болды. Бұл туралы Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Қазақстанның Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл мәселедегі ведомствоның ұстанымы нақты әрі біржақты. Себебі қазақстандық музыкалық өнім тек ішкі аудиторияға ғана емес, халықаралық деңгейде де таралып отыр.
Біз бұған міндетті түрде назар аударамыз. Бұл – даусыз әрі сөзсіз. Тіпті бұдан да ашығын айтайын. Қазақстандық әртістерді тек оңтүстік өңірлерде ғана емес, көптеген елде, соның ішінде Қазақстаннан тыс оңтүстік аймақтарда да тыңдайды, – деді Евгений Кочетов.
Вице-министр мұндай жағдайлар анықталған жағдайда орындаушыларға белгілі бір ұсынымдар берілуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, әңгіме тыйым салу туралы емес, жауапты көзқарас қалыптастыру жайында болып отыр.
Соған сәйкес, біз бұл мәселелерге назар аударатын боламыз. Ал егер мұндай жағдайлар анықталса, қысқаша айтқанда, иә – біз ондай әндерді орындамау немесе мәтінін өзгерту жөнінде ұсыныс бере аламыз, – деді ол.
Сондай-ақ Евгений Кочетов бұл тақырыптың қоғамдағы кең ауқымды контекстте талқыланып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы уақытта бірқатар өңірде болған оқиғалар қоғамда үлкен резонанс тудырып, осындай сюжеттерге деген сезімталдықты арттырды.
Біз соңғы кездері жекелеген өңірлерде болған қыз алып қашу оқиғалары қандай қоғамдық резонанс тудырғанын көріп отырмыз әрі түсінеміз. Сондықтан біз бұл жерде тек мемлекеттің ұстанымына ғана емес, қоғамның қолдауына да үміт артамыз, – деді вице-министр.
Сөз соңында ол бұл жағдайды өзгертуде қоғамдық пікірдің маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, шығармашылық мазмұнға ықпал ететін басты күш – қоғамның сұранысы.
Біз қоғамның өзі әртістерді басқа тақырыптар туралы ән айтуға ынталандырады деп үміттенеміз, – деп түйіндеді Евгений Кочетов.
Бұған дейін әншілердің фонограммамен ән айта алмайтын заңы шыққан еді.