Қыз алып қашатындарға жаза күшейтіледі

Елімізде қыз алып қашу статистикасы жоқ. Өйткені, қылмыстың осы түріне қатысты арнайы бап қарастырылмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан заңына сәйкес, егер қызды келісімінсіз алып қашу болса, бұл әрекет қылмыс болып саналады.

ҚР Қылмыстық кодексі мұны екі баппен қарастырады.

- Адамды еркінен тыс бас бостандығынан айыру (125-бап).
- Зорлық-зомбылық, қорқыту немесе алдау арқылы үйленуге мәжбүрлеу (122-бап).

Егер қыздың келісімі бар болса және ол ата-анасынан рұқсат алу үшін жасалған дәстүрлі қадам болса, бұл қылмыс ретінде қаралмауы мүмкін. Бірақ мұндай әрекеттер де даулы және қоғамда теріс көзқарас туғызып отыр. Бүгінгі таңда Қырғызстанда да “ала качуу” деп аталатын дәстүр заңға қайшы. 2013 жылы “Қыз алып қашуды” қылмыс ретінде қарастыратын заң қабылданды. Келісімсіз алып қашу үшін айыптыларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Көрші Ресейде қызды еркінен тыс алып қашу қылмыстық кодекс бойынша жауапкершілікке тартылады. Үндістан мен Непалда мұндай әрекеттер заңсыз және қылмыс ретінде жазаланады, бірақ кейбір ауылдық аймақтарда бұл дәстүрлі қадам ретінде қаралуы мүмкін.

Бұл әрекеттер заңға қайшы:
1. Еркінен тыс бас бостандығынан айыру.
2. Зорлық-зомбылық немесе психологиялық қысым көрсету.
3. Мәжбүрлеу немесе қорқыту.
4. Отбасын құруға заңсыз мәжбүрлеу.

Бұрын қызды қандай жағдайда алып қашқан?

Тарихи деректерде көбіне мынандай көрініс табады:

-Екі жас бір-бірін жақсы көрген жағдайда, қыздың ата-анасы некеге қарсы болған кезде жасалған.
-Әлеуметтік жағдайы төмен жігіт қалыңмал төлеуге шамасы келмегенде алып қашуға барған.

Десе де бұл әрекет қазақ қоғамында мақұлданбаған, өйткені ол қыздың отбасының абыройына нұқсан келтіру деп есептелген.

Қыз алып қашу – дәстүр емес, заңбұзушылық

Қазақ дәстүрінде қыз алып қашу арқылы мәжбүрлеу немесе келісімсіз үйлену қабылданбаған. Мұндай әрекет көбіне:
1.Әдет-ғұрып заңдарына қайшы болған.
2. Қыздың және оның отбасының ары мен намысын таптаумен тең саналған.

Егер қызды мәжбүрлеп алып қашу орын алса, бұл қазақтың дала заңдарымен қатаң жазаланған. Мұндай әрекет тек заманауи емес, дәстүрлі қазақ қоғамында да айыпталған.

Қазіргі көзқарас

Қыз алып қашу – қазақтың негізгі дәстүрлеріне қайшы келетін әрекет. Бұл - халықтың мәдениеті мен құндылықтарын бұрмалау. Қазақ халқының үйлену дәстүрі – өзара келісімге, сыйластыққа және абыройды қорғауға негізделген. “Қыз алып қашу” – дәстүр емес, белгілі бір әлеуметтік немесе экономикалық себептерден туындаған құбылыс.

Алып қашатындар кімдер?

Қызды алып қашатын жігіттер - бала позициясында. Психолог Жанар Сейітмағамбет олардың өзіне сенімсіз адамдар екенін айтады.

Қыз алып қашу - қоғамның санасы кеңейіп, дамыған сайын ұмыт болатын дәстүр деп білемін. Жалпы қызды алып қашатын жігіттер өзіне сенімсіз әрі бала позициясында болады. Өзіне сенімді әрі ересек адам ондай әрекетке бармайды. Қызды зат секілді алып кеткен азаматтан мықты жар шығуы екіталай. Мұндай азаматтар жазаға тартылуға тиіс. Әрине отбасы әртүрлі болады. Десе де мұндай дәстүрдің қазақ қоғамында болмағанын қалаймын. Қыз бала деген ойыншық не әлдебір зат емес. Дәстүрдің озығы мен тозығы бар, сондықтан мұндай қадамға барып жүрген жігіттер ойлануы керек, - дейді Жанар Сейітмағамбет.

Жаңа бап қажет

Әйелдерді кез келген мақсатпен ұрлау ҚР Қылмыстық кодексінің бір бабы, яғни 125-бабы бойынша ғана тіркеледі. Екіншіден, тұрмысқа шығу үшін әйелдерді ұрлау фактілерінің көпшілігі жасырын болғандықтан статистикалық есептерге де кірмейді. Заңгер Әйгерім Құсайынқызы осындай пікірде.

Елімізде "адам ұрлау" бойынша 125 бапта "неке қию мақсатында әйелдің бас бостандығын шектеу" бойынша тармақ қарастырылмаған. Бірақ ең қызығы, 125 бапта қызды ұрлағаннан кейін қуғыншылар келіспей қызды қайтар соң, келесі тарапқа ешқандай жауапкершілік жоқ. Қызды ұрлайсыз, арыз жазамын дейді, қорқасыз, қайтарып бересіз, жауапкершілік жоқ. Меніңше, бұл - абсурд. Әйелді әйел болғаны үшін неке қию мақсатында ұрлаудың себептері тым бөлек. Сол үшін де әйелдерге жасалған қылмысты айту арқылы "қыз алып қашу" бабын бөлек қосуымыз керек, - дейді Құсайынқызы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев да осы мәселені Ұлттық құрылтайда көтерген болатын.

Қазақтың жігіттеріне ойланатын уақыт келді. Қыздарды қорғаңдар, оларды қорламаңдар. Сонда біз дұрыс мемлекет боламыз. Отбасында, білім ордасында осы мәселе бірінші кезекте тұруы керек. Тәрбие мәселесіне көңіл бөлмесек, бұдан да сорақысы болып жатыр. Қазір телеграмды ашып қалсаң, тіпті оқығың келмейді. "Қызды зорлап кетіпті", "Қызды ұрлап кетіпті", "баланы зорлап кетіпті", "өлтіріп кетіпті", "ата-анасын балтамен шауып тастапты" – кілең осындай әңгіме. Әлеуметтік желіні ашу мүмкін емес, - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін мәжілісте өткен отырыста депутат Еділ Жаңбыршин қазақтың жігіттерін сынап, қыздарды қорламай, керісінше қорғауға шақырған еді. Депутат өзінің 3 қызы барын айтып, қыздарын құда түсіп алғаны қалайтынын жеткізді.

Қыз алып қашу – қоғамдағы үлкен дерт. Бұл мәселеге қылмыстық жауапкершілік қарастыру керек. Қарсы болып жүрген мемлекеттік органдарды түсінбеймін. Яғни олар оны (қыз ұрлауды) қолдап отыр. Қызды сыйлау, қызды құрметтеуді балабақшадан бастап баланың миына құю керек. Себебі қыз – ол болашақ ана. Егер біз болашақ ананы қорғамайтын болсақ, онда мемлекеттік болашағы жоқ деген сөз. Ол күлетін, ойыншыққа айналдыратын дүние емес. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігі. Қызды қорғаған ел ғана ел болған. Қазақ қыздарды, аналарды қорғағаннан кейін ғана қазақ болып отыр. Оларды жетімсіретпей, жесір қылмай, мемлекет болып қалыптастық, - деп Жаңбыршин.

Депутат Мұрат Әбенов Жаңбыршиннің айтқанын қолдап, қыз алып қашу дәстүрін ән арқылы насихаттап жүрген өнер иелерін сынады.

Мәселен, белгілі әншілер қазір сахнада осылай ән айтып жүр. Оны теледидардан да көрсетеді. "Алып қашам, мейлі олай қалама, келін қылам сені қалай да анама", - деп шырқап жүр. Екінші әнші айтады: "Көресің, менің үйіме барасың! Басыңа аппақ орамал тағасың, көндірем, көнесің! Қыз болып келесің, келін болып қаласың", - дейді. Осындай мәжбүрлеуді теледидар арқылы насихаттап жүрміз, - дейді депутат.

Әбенов мұндай контентке заңмен тыйым салу керек деп есептейді.

Ақорда жариялаған ақпаратқа сәйкес, Президенттің Атыраудағы Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау аясында депутаттар қалыңдық ұрлау ісіне қатысты жазаны қатаңдату бойынша заңға түзетулер әзірлеп жатыр.

Парламентте 71 заң жобасы қаралып жатыр. Депутаттар Салық, Су, Құрылыс және Цифрлық кодекстермен, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, қаржы нарығын дамыту, әскери-патриоттық тәрбие және пошта саласындағы заң жобаларымен жұмыс жүргізуде.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президент тапсырмасын орындау мақсатында, қыз алып қашуға қатысты жазаны күшейтуге арналған өзгерістер дайындалып жатқанын мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы