Қытаймен мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев пен Сиань (ҚХР) қалалық партия комитетінің хатшысы Фан Хунвэйдің кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сенім мен стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтті.

Бүгінде елдеріміз мәдени-гуманитарлық салада, атап айтқанда мәдениет, ақпарат, жастар саясаты, сондай-ақ конфессияаралық келісім салаларында өзара тиімді ынтымақтастыққа ие. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай кіші комитетінің отырыстары тұрақты негізде өткізіліп тұрады, - деді Арман Жүдебаев.

Вице-министр сондай-ақ ағымдағы жылдың қыркүйек айында этносаралық қатынастар саласында ведомствоаралық ынтымақтастық орнату мақсатында Қытай Халық Республикасының Этникалық істер жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Пан Юэ Қазақстанға келгенін атап өтті. Қыркүйек айының соңында Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері Нанкин қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің бірінші телефестиваліне қатысты.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісімге қол қоюға қатысты мәселе пысықталуда. Олардың құрылуы мәдени өзара іс-қимылды нығайтуға серпін беретіні сөзсіз.

Кездесу соңында вице-министр Қытай делегациясының бүгінгі сапары екі ел арасындағы өзара тиімді стратегиялық әріптестікті дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Өзгелердің жаңалығы