Қытайлық компания Қазақстанға теміржол арқылы өнім жеткізу мүмкіндігін қарастырады
Қытайдың Guizhou Phosphate Chemical Group компаниясы Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға өнім жеткізудің құрлықтағы логистикалық бағыттарын қарастыруға дайын. Қазіргі уақытта кәсіпорын өнімдерінің басым бөлігін теңіз арқылы тасымалдайды. Бұл туралы Қытайдың Гуйчжоу провинциясындағы кәсіпорынға ұйымдастырылған пресс-тур барысында мәлім болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Guizhou Phosphate Chemical Group – фосфат кенін өндіру және өңдеу, минералды тыңайтқыштар, фосфор қышқылы мен химиялық өнімдер шығару саласында жұмыс істейтін компания. Ол 2019 жылы Wengfu Group пен Kailin Holdings кәсіпорындарының бірігуі нәтижесінде құрылған.
Компания өкілдерінің таныстырылымында кәсіпорынның негізгі өндірістік бағыттары көрсетілді. Олардың қатарында фосфат шикізатын өңдеу, жоғары концентрациялы тыңайтқыштар, фосфор қышқылы және жаңа энергетика саласына арналған материалдар өндіру бар. Компания өнімдерін әлемнің 90-нан астам елі мен аймағына экспорттайтынын мәлімдеді.
Кәсіпорынның тағы бір бағыты – өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу. Атап айтқанда, фосфор қышқылын өндіру кезінде пайда болатын фосфогипс құрылыс материалдарын және жеміс-жидек пен гүл тасымалдауға арналған қаптамаларды жасауға пайдаланылады. Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай қаптамаларды өндіруде фосфогипс пен цемент клинкері қолданылады.
Қазақстанмен ықтимал ынтымақтастық туралы сұраққа компания өкілдері Шыңжаң арқылы Орталық Азияға шығатын теміржол бағытын пайдалануды талқылауға дайын екенін айтты. Қазіргі уақытта жүктер негізінен теңіз арқылы жеткізіледі. Ал құрлықтағы бағыттарды пайдалану мүмкіндігі қосымша қарастыруды қажет етеді.
Әзірге Қазақстанда бірлескен өндіріс ашу немесе инвестициялық жоба жүзеге асыру жөнінде нақты келісім туралы ақпарат айтылған жоқ.
Еске сала кетейік, «Жэньминь жибао» газеті «Бір белдеу, бір жол» медиа ынтымақтастығы форумы аясында Орталық Азия елдерінің БАҚ өкілдеріне баспасөз-турын өткізді.