Қытайлық будда монахы: Жасанды интеллект адам өмірін құрметтеу қағидатына негізделуі керек
Елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысында климаттың өзгеруі, жасанды интеллект және балалардың құқықтары мәселелері талқылануда. Жиында Қытайдың буддистік қауымдастығы атынан сөз сөйлеген өкіл жаңа технологияларды дамытуда адам өмірі мен бейбітшілікті қорғаудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қытайлық діни қайраткер, будда монахы, Ханшань және Чунъюань храмдарының басшысы, Қытай Будда ассоциациясының вице-президенті Цю Шуан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі 2023 жылдан бері жаһандық бейбітшілік пен дінаралық диалогты ілгерілететін маңызды халықаралық алаңға айналып келе жатқанына тоқталды. Қытай Будда ассоциациясы алғашқы Съезден бері делегация жіберіп, әрбір Съезд бен Хатшылық отырысына қолдау көрсетіп келеді.
Жиырма жыл ішінде Қазақстанның діни қауымдастығымен терең достық байланыс орнатып, әртүрлі елдердің діни қауымдастықтары көшбасшыларымен өзара түсіністігімізді арттырып, достығымызды нығайттық, – деді Цю Шуан.
Ол 2025 жылы өткен VIII Съезде қабылданған Астана бейбітшілік декларациясы әлем діндерінің бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтып, бейбітшілікті бірге ілгерілетуге үлгі болғанын атап өтті.
Цю Шуанның сөзінше, қазіргі отырыстың күн тәртібіндегі климаттың өзгеруі, жасанды интеллект және балалардың құқықтарына қатысты мәселелер заманның өзекті сын-қатерлерімен тығыз байланысты.
Адамдардың тағдыры өзара байланысты деп есептейміз. Климаттың өзгеруіне жауап беру үшін ашкөздікті тежеу, табиғатты құрметтеу және тұрақты өмір салтын ұстану қажет, – деді ол.
Қытайлық діни қайраткер жасанды интеллектіні дамытуда да адамзаттың ортақ құндылықтары ескерілуі керек екенін айтты.
Буддизмнің негізінде мейірім жатыр, ал оған даналық бағыт береді. Жасанды интеллектінің дамуы өмірді құрметтеуді, бейбітшілікті сақтауды және адамзаттың тепе-теңдігіне зиян келтірмеуді негізгі ұстаным етуі керек, – деді Цю Шуан.
Ол балалардың құқықтарына қатысты мәселенің де маңызын атап өтті. Оның айтуынша, балаларға қолдау көрсету тек медициналық көмекпен шектелмейді, бұл – олардың өмірінің қадір-қасиетін қорғау және рухани тұрғыдан демеу көрсету мәселесі.
Цю Шуан Қытай Будда ассоциациясының халықаралық деңгейдегі дінаралық және мәдени байланыстарды дамытуға бағытталған жұмысына да тоқталды. Оның айтуынша, ұйым буддистік даналық арқылы жаһандық заманауи сын-қатерлерге жауап беруге ұмтылады.
Біз барлық елдердің діни көшбасшыларымен бірге жұмыс істеуге, диалог арқылы өзара түсіністікті арттыруға, өзара көмек арқылы бейбітшілікті ілгерілетуге және неғұрлым үйлесімді, әділетті әрі тұрақты әлем құру жолында бірлесіп күш салуға дайынбыз, – деді ол.
Сөз соңында Цю Шуан XXIV Хатшылық отырысының табысты өтуіне тілектестік білдіріп, жиынға қатысушыларға амандық пен бақ-береке тіледі.