Қытайлар ұйқысыздыққа душар болды

1 миллиардтан астам халқы бар ел тұрғындарының жартысынан көбі түнде көз ілмейді екен, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Бұл жағдайды Әлеуметтік психология институтының ғалымдары анықтады. Ұйқысыздықтан түрлі дерт көбейіп, дәрігерлер алаңдай бастаған. Қытайдың Әлеуметтік ғылымдар академиясы жанындағы институттың мәліметіне сәйкес, халықтың 64 пайызынан ұйқы қашқан. 

Адамдардың түнгі тынығу уақыты 5-6 сағаттан аспайды. Зерттеуге қатысқан 27 провинция тұрғындарының дені түн ортасында ояну, мүлдем ұйықтай алмау сияқты синдромдарға шағымданған. Ұйқысыздыққа тап болғандардың көбі 18-73 жас аралығындағы адамдар. 

Түнде ұйықтай алмаймын. Күні бойы шаршап жүремін. Қажыдым. Ұйықтау үшін түрлі дәрі ішемін. Бірақ кейінгі кезде ол да әсер етпейтін болды, - дейді Бейжің қаласының тұрғыны Ли Сяоцзюнь.

Мамандар бұл мәселені ұялы байланыс, жылдам интернет секілді технологиялық жетістіктердің кері әсері деп санайды. Айтуларынша атмосферадағы түрлі толқындардың зияны жылдар өткен сайын үдей түседі. Түнгі ұйқысыздық жастар арасында белең алған. Әсіресе 2000 жылдан кейін туғандар күн мен түнді ауыстырып алған. 

Былтырғы зерттеуден кейін қытайлықтардың ұйқы уақыты өзгермеген. Бірақ сапасы өте нашар. Мұның бірден-бір себебі интернет пен смартфонға тәуелділік. Еліміз заманауи технология жасау жағынан озық тұрғанымен, халықтың денсаулық көрсеткіші төмендеп барады, - деді Әлеуметтік психология орталығының директоры Ван Цзюньсю.

Кейбір қытайлық ғалымдар адамның дұрыс ұйықтауы үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануға көшкен. Алайда бұдан мәселе шешілмей тұр. Қайта керісінше, жаңа тәуелділікке әкеліп соққан. Енді дәрігерлер ұлт саулығына алаңдап дабыл қағып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы