Бүгiн 2026, 18:21 Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қытайдың жетекші компаниялары RES 2026 EXPO көрмесінде «жасыл» технологияларды таныстырады

«Қытай – Орталық Азия: жасыл технологиялар» іскерлік бағдарламасы.

Астанада өтетін RES 2026 EXPO көрмесінде Қытайдың жетекші компаниялары «жасыл» энергетика саласындағы бірегей технологиялар мен кешенді шешімдерін таныстырады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тиімділігін дәлелдеген және Орталық Азия елдеріне енгізуге дайын әзірлемелер «Қытай – Орталық Азия: жасыл технологиялар» іскерлік бағдарламасы аясында көрсетіледі.

Қатысушылар арасында «жасыл» трансформацияның жаһандық көшбасшылары бар. LONGi Green Energy Technology Co., Ltd. компаниясы күн энергетикасы және декарбонизация саласындағы шешімдерін ұсынса, Li Auto интеллектуалды электр көліктері саласындағы әзірлемелерін таныстырады. Энергетикаға арналған инфрақұрылымдық шешімдерді, соның ішінде зарядтау станциялары мен энергия жинақтау жүйелерін Shenzhen Aswan New Energy Technology Co., Ltd. паш етеді. Жаңартылатын энергия көздері сегментінде Dongguan TGpro New Energy Technology Co., Ltd. және Solarway компаниялары да бақ сынайды.

Сонымен қатар, Wuhan City Environment Protection Engineering Limited су тазарту, қалдықтарды басқару және циклідік экономика саласындағы кешенді шешімдерді көрсетеді. Экологиялық мониторинг және өнеркәсіптік қауіпсіздік технологияларын Lihe Technology (Lihero), ал қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын Walle Reclamation ұсынады.

Ауаны тазарту бойынша шешімдерді Qingdao Huashijie New Material Technology Group Co., Ltd., экологиялық инжиниринг саласындағы халықаралық тәжірибені Tialoc Singapore Pte Ltd. таныстырады. Табиғи ресурстарды басқарудың цифрлық құралдарын TIRAIN Technologies, ал тұрақты жобаларға арналған қаржылық шешімдерді China Construction Bank Corporation Astana Branch ұсынады.

Аймақтық экологиялық саммит және RES 2026 EXPO халықаралық көрмесі Астанада 22-24 сәуір аралығында өтеді. Шараның тең ұйымдастырушысы — Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы.

RES 2026 EXPO тұрақты даму мен экологиялық технологияларға арналған аймақтағы ең ірі алаңдардың бірі болып саналады. Іскерлік бағдарлама «стратегиядан практикаға» қағидаты бойынша құрылған 30-дан астам сессияны қамтиды. Негізгі назар энергетика, инфрақұрылым және ресурстарды басқаруға арналған қолданбалы шешімдерге аударылады.

Іскерлік бағдарламадан бөлек, көрме алаңында экологиялық стартаптар байқауы, салалық сарапшылық сессиялар және аймақтың тұрақты дамуына бағытталған инновациялық шешімдердің тұсаукесерлері өтеді. RES 2026 EXPO Орталық Азиядағы тұрақты өсімнің жаңа экономикасын қалыптастыруға ықпал ететін практикалық шешімдер әзірлеу және серіктестік орнату алаңына айналады деп күтілуде.

RES 2026 туралы толық ақпарат сайтта: https://res2026.kz/