Қытайдың символына айналған "дипломат пандалар"

Пандалар - әлемдегі ең танымал, әрі ең сүйкімді жануарлардың бірі. Олардың отаны - Қытай. Сычуань провинциясының Чэнду қаласында пандаларды қорғайтын арнайы саябақ бар. BAQ.KZ тілшісі осы мекемеде болып, пандаларды сақтап, олардың санын көбейту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын көріп қайтты.

Қытайдың “Жэньминь жибао” газеті ұйымдастырған “Бір белдеу, бір жол” медиа ынтымақтастығы форумына жиналған БАҚ өкілдері Қытайдағы алып пандаларды сақтау және зерттеу орталығының Дуцзянъянь базасында болды. Дуцзянъянь Чэнду қаласынан шамамен 50 шақырым жерде орналасқан.

Бұл базада панданың бірнеше түрі бар. Олардың негізгі азығы - бамбук.

Алып панданың латын тілінен аударылған ғылыми атауы - “қара және ақ мысық аюы”.
Пандалар тамағының 99%-ы бамбук жапырақтары, сабақтары мен өркендерінен тұрады.

Панда күніне 12 кг-дан 38 кг-ға дейін бамбук жей алады.

Пандалардың тістері өте мықты. Олар қатты бамбукты тістеп шайнай алады. Сондай-ақ оларда бамбукты ұстауға көмектесетін алтыншы саусағы бар.

Алып панда жоғалу қаупі үстінде тұр. Бірақ Қытай үкіметі мен халықаралық ұйымдардың қолдауы арқасында пандалардың саны көбейіп жатыр. Түрлі ұйымдар пандалардың мекендейтін жерлерін жақсартып, оларды өсіру бағдарламаларын жүргізу бойынша белсенді жұмыс атқарып, табиғатта пандалардың популяциясын біртіндеп өсіруге септігін тигізіп келеді.

Алып панда 1961 жылы құрылған халықаралық табиғатты қорғау ұйымының Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) символы саналады.

Пандалар Қытай мәдениеті мен өнерінде ерекше орын алады. Бұл сүйкімді жануарлар бейбітшілік пен достықты бейнелейді. Олар сондай-ақ дипломатиялық символ саналады. Қытай «панда дипломатиясының» бір бөлігі ретінде басқа елдердің хайуанаттар бақтарына пандаларды жібергенін де білеміз.

Бұл ерекше жануарлар адамзатты әлемге және оның бірегей тұрғындарына, сонымен бірге басқаларға қамқорлық жасауды еске салып отыратындай. Сондай-ақ барлық алып панда әлемнің қай бөлігінде болса да Қытайдың меншігі болып саналады.

Алып пандалар тек орталық Қытайдың таулы аймақтарында тұрады. Олардың табиғи мекендеу ортасы тығыз бамбук ормандары бар Сычуань, Ганьсу және Шэньси провинциялары. Бұл Қытайды пандалар табиғатта кездесетін әлемдегі жалғыз елге айналдырады.

Алып панда - табиғи ортасының бұзылуына және жабайы табиғатта туу деңгейінің өте төмен болуына байланысты жойылып кету қаупі бар осал түр.

Бұрын Қытай достық ниетін білдіру үшін басқа елдерге бірнеше панда сыйласа, 1980 жылдардан бастап ел пандаларды «жалға алу» саясатын ұстанды. Бұл келісімдер бойынша Қытайдан тыс жерде орналасқан кез келген пандалар, сондай-ақ олардың ұрпақтары ресми түрде Қытайдың меншігі болып қалады. Бұл бүкіл әлемдегі хайуанаттар бағы мен зерттеу орталықтарындағы пандаларды сақтау және күту жұмыстары Қытай үкіметі белгілеген стандарттарға сәйкес келетінін қамтамасыз етеді.

Чэнду мен үшін Қытайдың ерекше қалаларының біріне айналып үлгерді. Ойымда саяхаттар сериясының жарқын жұлдызы ретінде қалады. Сүйкімді әрі өте ақылды панда аюымен көптен күткен кездесу көңілімнен шықты. Сонымен қатар панда Қытайдың ұлттық рәміздерінің бірі саналады, ол менің ойымша, ҚХР-да сәтті жүргізіліп жатқан жасыл күн тәртібін бейнелейді. Бұрын Сычуань дегенде көз алдыма тек пандалар отаны келетін. Бірақ табиғаттың қайталанбас байлығы мен тарихи ескерткіштер және халық шаруашылығы нысандарын аралау менде қалыптасқан стереотипті жойды, - дейді қазақстандық журналист Кемар Машанло.

Ал молдавалық журналист Анатолий Качук Сычуань провинциясының символы - мейірімді және нәзік пандалар екенін атап өтті.

Пандамен кездескен күнді енді ешқашан ұмытпайтын шығармын сірә. Панданың жаны қытай халқының рухани байлығын бейнелейді дер едім, - деп айтты ол ойын.

Еске сала кетейік, “Жэньминь жибао” газеті Чэндуде “Бір белдеу, бір жол” медиа ынтымақтастығы форумын өткізген болатын. Енді журналистер Сычуань провинциясын баспасөз туры аясында аралап жүр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы