Қытайдың Гуйчжоу провинциясы Қазақстаннан астық импорттады
Қытайдың Гуйчжоу провинциясындағы кәсіпорындардың бірі биыл Қазақстаннан астық өнімдерінің партиясын импорттаған. Бұл туралы Гуйян халықаралық құрлық портының жұмысымен таныстыру кезінде мәлім болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кәсіпорын өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта Орталық Азия елдерінің компаниялары Гуйчжоуда тікелей өкілдіктерін ашпаған. Сондықтан өңірге жеткізілетін тауарлар көбіне сауда компаниялары мен делдалдар арқылы тасымалданады. Қазақстаннан астық импорттаған кәсіпорын да – жергілікті компаниялардың бірі.
«Халық Газетінің» мәліметінше, 40 футтық 54 контейнерге Қазақстанда өндірілген жемдік шикізат тиелген пойыз Қапшағай станциясынан шығып, Қорғас порты арқылы тікелей Гуйян халықаралық құрлық портына жеткен. Пойыз 11 қарашада межелі жерге келген.
Басылымның жазуынша, бұл – биыл Орталық Азиядан Гуйянға келген екінші кері бағыттағы пойыз. Ал биыл маусымда Орталық Азиядан келген алғашқы кері пойызбен салыстырғанда, бұл жолғы тасымал уақыты төрт күнге қысқарған. Нәтижесінде көлік дәлізінің жұмыс тиімділігі артқан.
Жоспар бойынша, қараша айында Орталық Азиядан 40 футтық 248 контейнері бар төрт кері бағыттағы пойыз қабылданады. Олардың барлығы Қазақстанда өндірілген жемдік шикізатты тасымалдайды.
Басылым дерегінше, кері бағыттағы пойыздардың тұрақты қатынауы жемдік шикізат сапасын сақтауға, жүктің зақымдануын азайтуға және өңірдің жем өндірісі саласын тұрақты шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жергілікті жем өндіру және мал өсіру кәсіпорындарының өндіріс ауқымы мен өнім сапасын тұрақтандыруға ықпал етеді.
Гуйян халықаралық құрлық порты 2021 жылы пайдалануға берілген. Порт өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйекке дейін мұнда тасымалданған жүктің жалпы көлемі 5,8 млн тоннаға жеткен. Осы кезеңде теміржол арқылы 180 мыңнан астам вагон жүк қабылданып, жөнелтілген. Төрт бағыт бойынша 109 пойыз қатынаған.
Порт Қытай-Еуропа және Қытай-Орталық Азия теміржол қатынасын, Қытай-Лаос бағытын, Гуйчжоу-Гуандун бағытын және Батыс құрлық-теңіз жаңа дәлізін пайдаланады.
Қытай-Еуропа теміржол қатынасы 2026 жылғы ақпанда қайта жанданған. Содан бері осы бағыт бойынша 23 пойыз жөнелтілген. Қазір пойыздар аптасына бір рет қатынайды.
Бұл бағыт арқылы Гуйчжоудан Geely маркалы автокөліктер, автомобиль бөлшектері мен жаңа энергетикалық көліктерге арналған компоненттер экспортталады. Ал кері бағытта астық өнімдері, мал азығына арналған қоспалар және металл материалдары жеткізіледі.
Порт өкілдері Гуйчжоудың сыртқы саудадағы үш негізгі бағытын атады. Олар – өңірдің табиғи ресурстары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, жергілікті кәсіпорындар шығарған тауарларды шетелге жеткізу және провинцияға қажетті өнімдерді импорттау.
Еске сала кетейік, «Жэньминь жибао» газеті «Бір белдеу, бір жол» медиа ынтымақтастығы форумы аясында Орталық Азия елдерінің БАҚ өкілдеріне баспасөз-турын өткізді.