Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы: Көршілерімізді елімізге саяхаттауға қалай қызықтырамыз
Биыл Қытайда «Қазақстан туризмі жылы» өтеді. Атаулы жыл наурыз айында басталады. Қытайлық туристерді қызықтырып, елімізге сапар шегуі үшін әртүрлі іс-шаралар өткізу жоспарда бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жауапты органдар елімізді Аспан асты елінде қалай таныстырады? Қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстыру үшін қандай іс шаралар өткізіледі? Редакциямыз жолдаған сұрақтарға «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы» АҚ баспасөз қызметі жауап берді.
Қазақ-қытай қатынасының жаңа деңгейі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысуға қазан айында Бейжіңге барған болатын. Форум аясында екі ел басшылары келіссөздер өткізіп, бірқатар құжатқа қол қойды.
Осы кездесуде 2024 жыл – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланған еді.
Біз барлық бағыт бойынша тиімді мемлекетаралық ықпалдастықты жолға қойдық. Сіздің былтыр (2023 жылы – ред.) қыркүйек айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз өзара байланыстардың барынша нығаюына тың серпін берді. Сапар аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталды. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дамып келеді. Айтарлықтай өсім бар. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, құрметті Төраға Си Цзиньпин, Сізді келесі жылы (2024 жылы – ред.) Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы қашан басталады?
ҚытайдағыҚазақстантуризмі жылының ашылу салтанатын өткізу биыл наурыз айының соңына жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 28 наурызда Бейжің қаласында туризм мен инвестициялар бойынша форум өтеді, ал 29 наурызда Қазақстан туризмі жылының ресми ашылу рәсімі өтеді. Сонымен қатар Қазақстанның 2024 жылғы 29-31 наурыз аралығында Сиань қаласында өтетін "Жібек жолы" халықаралық туристік көрмесіне қатысуы жоспарланып отыр.
Қазақстан Қытайда қандай іс-шара өткізеді?
Биыл Қытайдағы Бейжің, Шанхай, Сиань, Үрімжі, Чэнду және т.б. ірі қалаларда 25-ке жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, биыл наурыз және сәуір айларында Қытайдағы Қазақстан туризм жылының ашылу салтанаты, еліміздің мәдени мұрасын және Қазақстан өңірлерінің туристік қызығушылық танытатын ТОП-20 орындарымен таныстыру, туризм және инвестиция бойынша форум және «Наурыз Фест» фестивалі өткізілмек.
ІІІ және IV тоқсанға Ұлы Жібек жолы мұрасын ілгерілету шеңберінде мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, қолөнершілер фестивалін, жергілікті өндірушілердің жәрмеңкелерін, қазақ тағамдарының гастрофестивальдерін өткізу, Қытайдың ірі қалаларында Қазақстанның ұлттық парктерінің туристік әлеуетін таныстыру, Алматы және Астана туризм күндерін өткізу және т.б. іс-шаралары көзделген. Сонымен қатар осы жылы ҚХР жетекші туроператорлары, блогерлері мен журналистері үшін ақпараттық және блог турлар өткізіледі.
Қытайдағы Қазақстан туризм жылы елімізге не береді?
Қытай мемлекеті Қазақстанмен шекаралас болса да, қытайлықтар еліміздің туристік әлеуеті жайлы көп біле бермейді.
Қытайдағы «Қазақстан туризмі жылы» ең алдымен Қазақстанның танымалдылығын арттыруға, Қазақстанды тартымды туристік дестинация ретінде ілгерілетуге көмектеседі. Демек бұл елдер арасындағы туристік ағынның ұлғаюына, Қазақстанның туристік бағыттарының қонақ үй кешенін толтыруға және отандық туристік пакеттер мен қызметтерге сұраныстың артуына әкеледі. Бұл нәтижесінде туризм саласында жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Ұлттық киім, ұлттық тағам: Қытайда «Этноауыл» көрмесі өтеді
Биыл Қытайдағы аудитория үшін Қазақстан туралы және ұлтымыздың мәдениетін көрсететін бірқатар іс-шара жоспарланып отыр. Сонымен қатар Бейжіңде ҚР Туризм және спорт министрі және ҚХР Мәдениет және туризм министрінің қатысуымен өтетін ресми ашылу салтанаты шеңберінде «Этноауыл» көрмесі өткізіледі, ол көрмеде қазақтың ұлттық ойындары, ұлттық киімдері, тағамдары, тарихы, өмір салты, қазақстандық суретшілердің туындылары көрсетіледі. Сонымен қатар Бейжіңде елдіміздің барлық облысының қатысуымен көрме өткізу жоспарланып отыр. Бұл көрмеде әр облыс өз аймағын таныстырады.
Визасыз режим нәтижесін көрсетіп жатыр ма?
Қытайдан келетін топтық туризм пандемияға байланысты 2020 жылдың басында тоқтатылған болатын. 2023 жылғы 8 қаңтардан бастап туристер үшін Қытай шекараларының ашылуына және Қытай Халық Республикасының азаматтары үшін визасыз режимнің қолданылуына байланысты 2022 жылғы шілдеден бастап Қазақстанға кіру үшін 14 күнге дейін (және 2023 жылғы мамырдан бастап 30 күнге дейін) Қазақстанның туристік әлеуетін Қытай аудиториясына ілгерілету қалпына келтірілді.
Мысалы, ресми статистика бойынша 2022 жылы Қазақстанға 45,2 мың қытайлық турист келді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 есе жоғары. 2023 жылдың қорытындысы наурыз айының соңында шығады.
Ал «eQonaq» электрондық жүйесінің ақпаратына сәйкес, 2023 жылы Қазақстанға Қытайдан 103,5 мың турист келді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 7 есе көп (2022 ж. – 14,2 мың турист).
Осы жылдың қаңтар айында елімізге 7,6 мың қытайлық турист келіп үлгерді. Өткен жылдың қаңтар айымен салыстырсақ 5 есе көп (2023 ж. қаңтарында елімізге 1,3 мың қытайлық турист келген).
Биыл Қытайда қазақстандық туризм жылы шеңберінде Қазақстанды Қытай аудиториясы үшін туристік дестинация ретінде ілгерілету жоспарланып отырғанын, жыл басының оң динамикасын ескере отырып, 2024 жылы және одан кейінгі жылдары ҚХР-дан келетін туристер санының едәуір артуы күтіліп отыр.
Мәлеметтерге сәйкес, бір қытайлық турист орташа есеппен 1 000-1 500 доллар ақша қалдырады.
Қытайлық туристер көбіне қай өңірлерге барады?
Мәліметтерге сәйкес, қытайлық туристер көбінесе қысқы туризм, гастротуризм және экотуризм сияқты туризм түрлерін іздейді. Қазіргі уақытта қытайлық туристер арасында Алматы қаласы мен Алматы облысы ең танымал. Көп жағдайда олардың бағыты Қазақстанды қоса алғанда Орталық Азияның бірнеше елдерін қамтуы мүмкін, осылайша топтық турлар барысында олар Астанаға немесе Алматыға және осы қалаларға жақын орналасқан көрікті жерлерге барып, одан әрі көрші елдерге саяхатын жалғастырады.
Қазақстан мен Қытай арасында неше әуе қатынасы бар?
Қытай мен Қазақстан арасында аптасына мынадай рейстер ұшады (деректер өзгеруі мүмкін):
- Алматы-Бейжің (Air Astana 4 рейс, China Southern Airlines 3 рейс);
- Астана-Бейжің (Air Astana 1 рейс, Fly Arystan 2 рейс);
- Астана-Үрімжі (China Southern Airlines 2 рейс);
- Алматы-Үрімжі (Air Astana 3 рейс, China Southern Airlines 7 рейс);
- Алматы-Ханчжоу (Loong Airlines 3 рейс);
- Астана-Сиань-Бейжің (Air China 2 рейс);
- Алматы-Сиань (China Southern Airlines 2 рейс);
Сонымен қатарбиылмаусым айынан бастап Air Astana рейстерініңсаны артады.
“Талғампаз қытайлық туристер жоғары “сервисті” талап етеді”
«Қытай зерттеушілер қауымдастығы» қоғамдық қорының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов қытайлық туристер өте талғампаз екенін және олар жоғары сапалы сервис болғанын жақсы көретінін айтты.
Биыл, 2024 жыл - Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп аталып өтіп жатыр. Мұны Президенттің былтырғы кездесулерінің нәтижесі ретінде қарастыруға болады. Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы еліміз үшін өте маңызды. Өйткені бұл жерде бірнеше факторды ескеру керек. Біріншіден, қазіргі таңда әлемнің №2 экономикасы саналатын Қытай тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге туризм тұрғысынан да жоғары қызығушылыққа ие. Бүкіл әлемде Қытай туристері үшін бәсекелестік жоғары. Қытай статистикасына жүгінетін болсақ, жылына саны орта есеппен 100 млн-нан астам қытайлық турист сырт елге шығады. Олардың негізгі құрамы зейнеткерлер, - деді сарапшы.
Қазбек Майгелдиновтің айтуынша, екіншіден, туристердің әрқайсысы орта есеппен 1 000 доллар жұмсайды десек, онда олар саяхат жасаған елдеріне 100 млрд доллардан астам қаржы (жалпы санын алғанда – авт.) пайда алып келеді. Әрине, осындай табысты Қазақстанға тарту маңызды. Үшіншіден, бұл екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығаюына да мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Қытай туристерін елімізге тарту үшін бізге маңызды мәселелерді шешу керек. Мысалы, Қытай туристері көбінесе топтық туризммен, яғни 100 адамнан астам бір топ келе алады. Яғни ол үшін бізде инфрақұрылымнан бөлек, қызмет көрсету саласы дайын болуы қажет. Қытайлықтар үшін қазір, мысалы, жоғары қызмет ұсына алатын Астана мен Алматы қалалары қызық. Одан бөлек, табиғи қорықтарымыз бен тарихи-мәдени орталықтар да маңызды. Мысалы, Астана не Алматыны алатын болсақ, онда бірден 100 адамды қабылдай алатын мейрамханалар көп емес. Сонымен бірге қонақ үй мәселесі бар. Оның барлығы жоғары стандартқа сай болуы керек. Себебі қытайлық туристердің талғамы жоғары. Олар әлемді шарлап келген турист болғандықтан жоғары “сервисті” талап етеді, - деп түсіндірді ол.
Тағы бір мәселе – қауіпсіздік пен жайлылық. Яғни кез келген нысанға жету үшін жол сапасының жоғары болуы, қауіпсіз тасымалды қамтамасыз ету мәселесі шешілуі қажет.
Сондай-ақ екі ел арасындағы (үлкен қалалары арасындағы – авт.) әуе қатынасын ұлғайту. Қазірдің өзінде Алматы-Бейжің, Астана-Бейжің, Алматы-Сиань сияқты бағыттарда рейстер болғанымен, егер туристер саны көбейетін болса, онда азаматтық авиация операторлары жаңа бағыттарды, мысалы, Шанхайға әуе қатынастарын ашуға қауқары болуы керек. Сол себепті Қытай туристеріне Қазақстанды жарнамалау, Қазақстанның туристік әлеуетін тартымды ету мақсаты осы атаулы жыл аясында жүргізілуге тиіс. Яғни жарнама, маркетинг, сапалы бейне өнімдер сияқты жұмыстарды жүргізу қажет, - дейді саясаттанушы.
Қазбек Майгелдинов атап өткендей, Қытай туристерін қызықтыру деңгейі жоғары болғанымен оларды қарсы алуға мүмкіндіктер және қызмет көрсету салаларының дайындығы да болуы керек. Тағы бір мәселе – гид мәселесі. Бізде туризм саласын аяқтайтын жастардың ағылшын тілін меңгеру деңгейі, қытай тілін айтпағанда әлі де жеткіліксіз. Сондықтан осындай жан-жақты бағыттағы өте жоғары дайындық қажет-ақ.
Еліміздің туристік әлеуетінің тартымдылығын туризм жылы аясындағы жұмыстың жоғары деңгейі елімізге келетін туристерді қарсы алуға мүмкіндіктердің жоғары деңгейімен пара-пар келгені жөн.
Визасыз режим 10 қарашада басталғанын еске сала кетейік. Екі ел азаматтары екі мемлекет аумағында 30 күн бола алады. Бұған дейін визасыз режимнің пайдасы жайлы жазған болатынбыз.