Қытайда роботты автокөліктер саны артады
Елдің оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласында пилотсыз көлік құралдарының жүруіне ресми рұқсат берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Хабар 24 мәліметінше бұл көлікке отырған адам тек діттеген жерін белгілейді. Қалғанның бәрі автоматтандырылған. Көліктің осы түрі Қытайдың бірнеше шаһарында сынақтан өтіп жатыр. Жасап шығарушы компанияның меншігінде 500-дей пилотсыз такси бар.
Роботаксилер 2020 жылдан бастап сынақтан өткізіле бастады. Күні бүгінге дейін олар бір миллионнан аса жолаушыға қызмет көрсетіп үлгерді. 20 шақырым қашықтыққа 60 юань, яғни 4 мыңдай теңгеге жеткізіп береді.
Кәдімгі таксиден қымбат емес. Ал осы аптада Шэньчжэньде көліктің бұл түрі заңдастырылды. Роботтар басқаратын көліктер үшін ережелер бекітіліп, жол апаты бола қалған жағдайда, кімнің жауапты болатынына дейін белгіленді.
Жүргізуші отырған пилотсыз көліктер жол апатын жасаса, жүргізушісі жауапқа тартылып, шығынын өтейді. Ал толық автоматтандырылған көлік үшін иесі немесе қызметті пайдаланушы жауапты, - дейді Шэньчжэнь коммуникациялар департаменті ақылды көлік басқармасы жетекшісінің орынбасары Ян Дунлун.
Пайдаланушы шығынды өтегеннен кейін егер жол апатына машинадағы ақау себеп болғаны анықталса, көлік өндірушіден немесе иесінен қаражатын қайтарып ала алады. Алайда статистикаға сүйенсек, пилотсыз көліктер кәдімгі машинаға қарағанда қауіпсіз. Жалпы бұл технологиялар жолдағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында енгізіліп келеді. Мамандардың болжамынша, 2030 жылға қарай Қытайда пилотсыз көлік құралдарының үлесі 20 проценттен асуы мүмкін.