Қытайда Қазақстанмен өңіраралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Шэньси өлкесінің Халық үкіметі Сыртқы істер басқармасының басшысы Яо Хунцзюаньмен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Шэньси өлкесі арасындағы өңіраралық кооперацияның өзекті мәселелерін талқылады.
Қытайлық тарап Қазақстанмен ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы, сондай-ақ өңірдің сауда-инвестициялық, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық және басқа да салаларды одан әрі дамыту бойынша жоспарлары туралы хабардар етті. Я. Хунцзюань өлкенің Қазақстан өңірлерімен бауырластық байланыстарды одан әрі дамытуға, дәстүрлі медицина орталықтарын ашуға, сондай-ақ Сиань қаласының жоғары оқу орындарында қазақстандық студенттерге үкіметтік гранттар санын ұлғайтуға мүдделілігін хабарлады.
Өз кезегінде қазақстандық дипломат сұхбаттасын мемлекетіміздің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту бойынша ҚР Үкіметі қабылдаған шаралармен таныстырып, өлкенің ресми делегациялары мен іскер топтарының Қазақстанға сапарларын құптады. Өңір дамуының жоғары деңгейін ескере отырып, Ш. Нұрышев қытайлық тарапты Қазақстан өңірлерінде ірі бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жақын арада өлке басшылығының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру мақсатында ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігі мен Шэньси өлкесінің Халық үкіметі арасындағы тығыз байланыста болуға келісті.