Қытайдың Ганьсу провинциясындағы көшкіннен 21 адам қаза тапты
Қытайдың Ганьсу провинциясында көшкіннен кейінгі іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синьхуа агенттігінің мәліметінше, оқиға салдарынан 21 адам қаза тауып, тағы жеті тұрғын жарақат алған. Зардап шеккендер ауруханаларға жеткізілген, олардың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.
Көшкін сейсенбі күні таңертең Луннань қаласы Таньчан уезіне қарасты Наньхэ кентіндегі Жэньцзан ауылында болған. Төтенше жағдай жергілікті уақыт бойынша сағат 06:56 шамасында тіркелген.
Барлығы 33 адам үйінді астында қалған. Бес адам ауыр зардапсыз құтқарылған.
Оқиғадан кейін апат орнына құтқару қызметтері, төтенше жағдайлар органдарының қызметкерлері, полиция және өрт сөндіру бөлімдері жіберілген.
Іздеу-құтқару операциясы аяқталды.
Айта кетейік, бұған дейін Қытайда дауыл мен торнадо салдарынан 11 адам қаза тапқанын хабарлаған едік.