Қытайда көліктерді роботтар құрастыра бастады
Қытайдың Гуйянь қаласындағы Geely автокөлік зауытында өндірістің бірқатар кезеңі роботтар мен автоматтандырылған жүйелердің көмегімен жүзеге асырылады. Мұнда көлік бөлшектерін тасымалдаудан бастап, әйнектерге желім жағу мен сапаны бақылауға дейінгі процестерде заманауи технологиялар қолданылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Жэньминь жибао» газеті «Бір белдеу, бір жол» медиа ынтымақтастығы форумы аясында Орталық Азия елдерінің БАҚ өкілдеріне баспасөз-турын өткізді.
Қытайдағы Geely компаниясының өндірістік кәсіпорнымен танысу барысында автокөлік құрастырудың бірнеше кезеңін көруге мүмкіндік болды. Зауытта адам еңбегі мен роботтандырылған технологиялар қатар қолданылады. Әсіресе, өндірістік желілердегі автоматтандыру жүйелері назар аудартады.
Мәселен, кәсіпорында KUKA роботтары автокөліктің алдыңғы және артқы әйнектеріне желімді автоматты түрде жағып, оларды орнату процесіне қатысады. Арнайы технология арқылы желімнің жағылу сапасы мен дәлдігі тексеріледі.
Зауытта AGV деп аталатын жүргізушісіз көлік платформалары да қолданылады. Олар қажетті бөлшектер мен материалдарды өндірістік желілерге автоматты түрде жеткізеді. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, мұндай автоматтандырылған тасымалдау жүйесі өндірістік желілердің 70 пайызына дейін қамтиды.
Сапаны бақылау өндірістің әр кезеңінде жүргізіледі. Кәсіпорында енгізілген арнайы жүйе құрастыру процесінің әр сатысында өнім сапасын тексеруге мүмкіндік береді. Ал дайын автокөліктер арнайы бақылау желісінен өтеді.
Зауыт өкілдерінің мәліметінше, кәсіпорынның ең жоғары өндірістік қуаты тәулігіне 2-3 мың автокөлікке дейін жетеді. Алайда нақты өндіріс көлемі нарықтағы сұраныс пен тапсырысқа байланысты өзгеріп отырады. Бір автокөлік шамамен 20 мыңнан астам бөлшектен құралады.
Компанияның өндірістік технологиялары барлық кәсіпорында бірдей емес. Geely өкілдері автоматтандыру деңгейі жоғары өндіріс орындарының бірі ретінде Сиань қаласындағы зауытты атады. Онда «қараңғы зауыт» (Dark Factory) технологиясы қолданылады. Мұндай өндірісте кейбір процестер адамның тікелей қатысуынсыз автоматты түрде орындалады.
Сонымен қатар кәсіпорында қызметкерлердің қауіпсіздігіне де көңіл бөлінеді. Жаңа жұмысшылар үш деңгейлі оқытудан өтеді. Алғашқы кезеңде оларға тәжірибелі тәлімгер бекітіледі. Қызметкерлер жыл сайын медициналық тексеруден өтеді. Өндірістік желілерде төтенше жағдай кезінде алғашқы көмек көрсетуге арналған автоматты дефибрилляторлар да орнатылған.
Geely Қазақстан нарығында
Қытайлық автокөлік брендтерінің Қазақстан нарығындағы орны да артып келеді. Қазақстанның Автокөлік Одағының (ҚАО) мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Geely еліміздегі ең көп сатылған автокөлік брендтерінің ТОП-10 қатарына еніп, оныншы орынға тұрақтаған. Бір жылда 9 621 автокөлік сатылған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға көп. Брендтің нарықтағы үлесі 4,1 пайызды құраған.
Ал 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстандағы ресми дилерлер 636 Geely автокөлігін сатқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,4 пайызға аз. Қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша брендтің сатылымы 5 245 автокөлікті құрап, жылдық көрсеткіш 30,4 пайызға төмендеген.
Жалпы, 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстанда 19 309 жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатылған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,2 пайызға көп. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша елімізде 165 678 жаңа автокөлік сатылып, нарықтағы өсім 2,6 пайыз болған.
Қыркүйек айындағы сатылым нәтижесі бойынша Chevrolet, Hyundai және Kia алғашқы үш орынды иеленді. Ал қытайлық брендтер арасында Changan 1 501, Chery 1 179, Haval 1 171, Geely 636 және BYD 560 автокөлік сатқан.