Қытайда фейерверк зауытындағы жарылыстан 26 адам қаза тапты
Тірі қалғандарды құтқару үшін оқиға орнына 1500 құтқарушы мен бірнеше робот жіберілді.
Қытайдың Хунань провинциясындағы фейерверк өндіретін зауытта болған жарылыс салдарынан 20-дан астам адам қаза тауып, 60-тан астамы жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.
Жарылыс әлемдегі ең ірі фейерверк зауыты саналатын «Хуашэн» кәсіпорнында, Люян қаласында жергілікті уақыт бойынша шамамен 16:40-та (Астана уақытымен 13:40) болған.
Билік іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шамамен 1,5 мың адамды жұмылдырды. Олар өмірлерін қатерге тігіп жұмыс істеді, себебі зауыт аумағындағы екі оқ-дәрі қоймасы кез келген сәтте жарылуы мүмкін еді.
Ғимарат ішінде қалып қойғандарды іздеу үшін роботтар қолданылды. Олардың көмегімен үйінді астында қалған жеті адам құтқарылды. Құтқарушылар зауыттан үш шақырым радиустағы барлық адамдарды эвакуациялады.
Жарылыс салдарынан 26 адам қаза тауып, тағы 61 адам жарақат алды. Зардап шеккендердің жасы 20-дан 60 жасқа дейін, олардың кейбірі жарықшақтан жараланған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жарылыс соншалықты күшті болғандықтан, зауыттан бір шақырым радиуста үйлердің тек терезелері сынған жоқ, сонымен қатар алюминий терезе жақтаулары мен тіпті тот баспайтын болаттан жасалған есіктер де жұлынып кеткен.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жоғалғандарды іздеу және зардап шеккендерді құтқару үшін барлық күш-жігерді жұмылдыруға шақырды. Сондай-ақ ол апатты тергеуді тапсырды, кінәлілерді жауапкершілікке тарту қажеттігін атап өтті. Қазірдің өзінде бір адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды – ол зауыттағы фейерверк өндірісіне жауапты тұлға.