Қытайда Димаштың жаңа әнінің тұсауы кесілді
Қытайдың Hunan TV каналында әйгілі жобалардың бірі «I am a Singer» гала-концерті өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жобаның 2017 жылдан бері бірнеше мәрте қонағы болған топ мүшесі Димаш Құдайберген «Angel love» атты жаңа композициясын орындады.
Әннің музыкасы мен сөзін қазақтың белгілі композиторы Ренат Гайсин мен ақын Қалқаман Сарин жазды. Туындының аранжировкасын Ренат Гайсин дыбыс продюсері Ерлан Бекчуринмен бірлесіп жасады.
Димаш арнайы қытайлық көрермендер үшін қазақ және қытай тілінде ән шырқады. Қытай тіліндегі мәтіннің авторы – Лин Вэй Вейлим.
Бірнеше жыл бұрын ұшақ терезесінен ақша бұлттарға қарап отырып, мен ерекше әдемі суреттен шабыттанып, ойыма әдемі бір әуен оралды. Сол арада мен әуенді ұмытып қалмайын деп өзімнің дыбыс жазу құрылғыма жазып қойдым.
Пандемия кезінде «Qairan еlim» композициясын әзірлеу үстінде мен бұл әуенді Димашқа көрсеттім. Бірақ тынымсыз саяхат пен гастрольдік сапарлар көбейіп кеткеннің салдарынан, бұл әнмен айналысуға енді ғана мүмкіндік туды.
Жақында Димаш маған телефон соғып, «I am a Singer» гала-концертінде осы әнді орындағысы келетінін айтты. Ол мәтінін қазақ тілінде жазуды өтінді. Ал мен көп ойланбастан бірден өзімнің жақын досым, елдегі ең талантты ақындардың бірі Қалқаман Саринге телефон соқтым.
Біз телефон арқылы хабарласқан соң, Қалқаман әуеннен шабыттанып, нәзік сезімді әнге өлең жазды.
Мен бұны – композитор мен ақынның бірін-бірі сөзсіз түсінісудегі нағыз үйлесімділік деп атай отырып, шығарманы романтикалық поэма дегім келеді.
Әнге Димаштың өзі шынайы, таза және баға жетпес махаббаттың белгісі ретінде «Angel love» деген атау берді, – деп әннің жасалу тарихы туралы Ренат Гайсин DimashNews редакциясына ой бөлісті.