Қытайда 178 миллион долларға экологиялық таза авиаотын зауыты салынды
Хайнань аралындағы кәсіпорын жылына тамақ қалдықтарынан 300 мың тоннаға дейін отын өндіре алады. Зауытты 2026 жылдың соңында іске қосу жоспарланған.
Қытайдың Хайнань провинциясында тамақ қалдықтарынан экологиялық таза авиаотын өндіретін зауытты іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Кәсіпорын жылына 300 мың тоннаға дейін отын өндіре алады.
Жобаны Hainan Eco Prime компаниясы аралдың солтүстік-батыс жағалауындағы Янпу порттық өнеркәсіптік-логистикалық аймағында жүзеге асырып жатыр. Құрылысқа 1,2 миллиард юань, яғни 178 миллион доллардан астам инвестиция салынған. Өндірістік кешеннің аумағы 100 мың шаршы метрді құрайды.
«Хайнань жибао» газетінің мәліметінше, құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Нысанда жер астындағы құбырларды тарту және негізгі инфрақұрылымды салу аяқталған. Қазір мамандар әрлеу жұмыстарын жүргізіп, жабдықтарды орнатып жатыр.
2026 жылдың соңына дейін кәсіпорынды қауіпсіздік тексеруінен өткізіп, сынақ режимінде жұмыс істеуге дайындау жоспарланған.
Зауытта авиаотын өндірумен қатар, жеңіл көмірсутектерден сағатына 2 мың қалыпты текше метр сутегі өндіретін жабдық орнатылады. Сондай-ақ күкіртті қалпына келтіру жүйесі, резервуарлар және жүкті тиеу-түсіруге арналған инфрақұрылым қарастырылған.
Компанияның бағалауынша, кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін көмірқышқыл газының шығарындылары жылына 400 мың тоннадан астамға азаяды.