Қытай университеттерінде 12 мыңнан астам мамандық жойылды
Қытай университеттері жасанды интеллект пен озық технологиялардың қарқынды дамуы аясында жоғары білім беру жүйесін ауқымды реформалауды бастады.
Жабылған бағдарламалардың орнына жоғары оқу орындары технологиялар мен жасанды интеллектке байланысты 10 мыңнан астам жаңа бағытты іске қосты.
ixbt.com басылымының жазуынша, елдегі жоғары оқу орындары «ескірген» деп танылған мамандықтардан жаппай бас тартып, ЖИ (жасанды интеллект), цифрлық технологиялар және экономиканың болашағы зор салаларымен байланысты жаңа бағдарламаларды ашуда.
ҚХР Білім министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2021 жылдан 2025 жылға дейін ел университеттері 12 200 бакалавриат бағдарламасының жұмысын тоқтатқан немесе мүлдем жойған. Сонымен қатар, 10 200-ден астам жаңа мамандық іске қосылды. Нәтижесінде бұл өзгерістер Қытайдағы барлық университет бағдарламаларының 30%-дан астамын қамтыды.
Білім беру жүйесін мұндай ауқымды қайта құру бірнеше міндеттерге байланысты туындап отыр. Қытай жасанды интеллект, робототехника және цифрлық экономиканы қоса алғанда, «болашақтың жоғары технологиялық салаларындағы» өз позициясын нығайтуға тырысуда.
Бұдан бөлек, ел билігі жоғары оқу орындары түлектерін жұмыспен қамту мәселесін шешуге күш салуда. Соңғы жылдары миллиондаған жас қытайлықтар университетті бітіргеннен кейін жұмыс іздеуде қиындықтарға тап болуда. Осыған байланысты билік экономиканың қажеттіліктеріне сай келетін неғұрлым практикалық және технологиялық оқу бағыттарына бәс тігіп отыр.
ЖИ дамуы аясында көптеген ел маман даярлау тәсілдерін қайта қарастыруда, ал университеттер бағдарламаларын экономиканың жаңа талаптарына біртіндеп бейімдеп жатыр.
Қазіргі уақытта Қытай жасанды интеллектіні білім беру жүйесі мен технологиялық дамуға барынша белсенді енгізуге тырысып жатқан елдердің бірі болып саналады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан жасанды интеллектіні пайдалану деңгейі жоғары ТОП-30 елдің қатарына енгені хабарланды.