Бүгiн 2026, 07:15 Фото: pixabay

Қытай Ұлыбритания мен Канада азаматтары үшін визасыз режим енгізеді

Билік өкілдерінің айтуынша, шешім шетелдіктердің Қытайдағы іс-шараларға қатысуын жеңілдетуге, туризм мен іскерлік сапарларды ынталандыруға бағытталған.

Қытай 17 ақпаннан бастап Ұлыбритания және Канада азаматтары үшін визасыз режим енгізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ South China Morning Post (SCMP) басылымына сілтеме жасап.

Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, жаңа саясат 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады. Визасыз режим қарапайым канадалық және британдық паспорт иелеріне Қытай аумағында 30 күнге дейін болуға мүмкіндік береді. Ол іскерлік сапарлар, туризм, туыстарға бару және транзит мақсаттарына қолданылады.

Бастама Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл – Көктем мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл Қытайдағы ең ірі жыл сайынғы мереке саналады және ауқымды сапарлар мен отбасылық кездесулермен қатар жүреді.

Билік өкілдерінің айтуынша, шешім шетелдіктердің Қытайдағы іс-шараларға қатысуын жеңілдетуге, туризм мен іскерлік сапарларды ынталандыруға бағытталған.

Бұған дейін Қытай 40-тан астам ел азаматтары үшін біржақты визасыз режим мерзімін 2026 жылдың соңына дейін ұзартқан болатын.

Айта кетейік, қаңтар айының соңында АҚШ президенті Дональд Трамп егер Канада Қытаймен сауда келісімін жасаса, канадалық тауарларға 100 пайыздық баж салығын енгізуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.