Қытай төрағасының сапары: Қытай Қазақстанмен қандай келісімдерге келуі мүмкін?
14 қыркүйек күні елімізге Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осыған орай екі ел басшылары қандай келісімдерге келуі мүмкін? Каспий құбыр консорциумы (КҚК) тұрақсыздығына байланысты Қазақ-Қытай мұнай жолдарында қандай да өзгерістер бола ма?
Бұл сауалдарға Қазақстандық қоғамдық даму институтының эксперті Олжас Бейсенбай жауап берді.
Каспий құбыр консорциумы арқылы еліміздің 80 пайыз шикі мұнайы тасымалданады. Мұнай каналы жылдың басынан бері бірқатар кедергілерге тап болғанын білеміз. Құбыр жұмысы қазіргі уақытта реттелгенімен, мұнай тасымалдаудың басқа да баламалы жолдары қарастырылып жатыр. 2022 жылы сәуір айында осындай баламалы бағыттар арқылы 561 мың тонна мұнай жөнелтілген. Алайда, нақты сандар оның көлемі аз екенін көрсетіп отыр. Жалпы, 2021 жылы КҚК арқылы 6,7 млн тонна тасымалданған болса, оның ішінде 53 млн тоннасы Қазақстан өндірісінен шыққан мұнай, - деді сарапшы.
Олжас Бейсенбайдың айтуынша, дәл қазір баламалы жолдар тек 16,5 млн тонна мұнайды сырт елдерге жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.
Бұл экспорт үшін өте аз мөлшер. Егер Энергетика министрі айтқандай, 2024 жылы мұнай өндіру көлемін 100 млн тоннаға жеткізсек, онда біз альтернативті бағыттарды кеңейтіп, дамытумыз қажет екені айдан анық, - деді Бейсенбай.
Атап өтуінше, Президент тапсырмасы бойынша және аймақтағы серіктес елдермен келісімнің аясында бірнеше бағыт қарастырылып жатыр.
Президентіміз «Атырау-Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырының жылдық қуатын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға жеткізу мақсатында тапсырма берді. Осы бағыт арқылы біз Қытайға мұнай шығара аламыз. Бұл жерде «Атасу – Алашаңқай» мұнай құбырының маңызы бар екенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта ол бағыт бойынша да Ресей мұнайы Қытайға тасымалданып жатыр. Осы мұнай жолдарында Қытаймен тағы да келісімдер болады деген ойдамын, - деді саясаттанушы.
Спикердің айтуына қарағанда қазіргі таңдағы геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты мұнай жолдарының кедергіге жиі ұшырауына байланысты мұнай бағыттарын оңтүстік дәліздер арқылы жөнелту мәселесі еліміз үшін өзекті болып отыр.
Қытаймен мұнай тасымалдау бағытында жаңа келісім жолдары қарастырылуы мүмкін. Оның ішінде Баку - Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша Қытай-Қазақстан мұнайын жөнелтудің өзектілігі артып келеді, - деді О.Бейсенбай.
Ол Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин пандемиядан кейін алғашқы рет сапарға шығатынын айтты.
Өздеріңізге мәлім, 2013 жылы Қытай төрағасы елімізге іс-сапармен келген кезде «Бір жол, бір белдеу» бағдарламасын дүниежүзіне жария етті. Онда Жібек жолы бойында отырған елдерді қайта жаңғыртып «Жібек жолы экономикалық белдеуін» құруға шақырды. Қазіргі таңда 10 жылдай уақыт өтті. Меніңше, стратегиялық серіктес ел ретінде Қазақ-Қытай қарым-қатынасы жаңаша деңгейге шығады, - дейді сарапшы.
Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Қытай елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына арналған «Орталық Азия - Қытай» мемлекет басшылары саммитіне қатысқан еді.
Бейсенбайдың пайымдауынша, АҚШ, Ресей және Түркия секілді алпауыт мемлекеттер Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастың жаңа форматына көшіп жатыр. Оның ішінде Қытайдың ұсынып отырған жобалары ерекше.
Жалпы, Қытайдың аймақтағы қауіпсіздік мәселесі сондай-ақ экономикалық бағыттарда жаңа келісімдер бекітуге мүдделі екенін айтқым келеді. Өйткені жылдың басындағы кездесуде Қытай Республикасының төрағасы 2030 жылға дейін Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда айналымын 70 млрд долларға жеткізуді көздеп отырғанын және Орталық Азиядағы бауырлас қалалардың санын 100-ге дейін көбейтуді мақсат еткенін айтқан. Сондай-ақ Қытай көрші елдерге 50 млн вакцина беретінін, мамандардың кәсібін арттыруға 5 мың квота сонымен қатар Орталық Азия елдерінен келіп оқитын студенттерге алдағы 5 жылда 1200 грант бөлінетінін айтты, - дейді саясаттанушы.