25 Қараша 2026, 07:34 Фото: naked-science.ru / © Berge Rederi

Қытай теңіз тасымалында жаңа дәуірге қадам басты: алып электрлі кеме суға жіберілді

Кеме Бреннейсунн мен Эльнесвоген қалалары арасында шамамен 425 шақырым қашықтықта қатынайды. Жоспар бойынша, ол жылына көмірқышқыл газының шығарындыларын шамамен 9 мың тоннаға, азот оксидтерін 200 тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Қытай кеме жасау саласы Норвегияның Berge Rederi компаниясына арналған BRF Froan атты алып электрлі жүк кемесін суға түсірді. Ұзындығы 129,9 метр болатын кеме аккумулятор қуатымен, жел және күн энергиясын пайдаланып қозғалады.

Кеменің жүк көтеру мүмкіндігі – 13 250 тонна. Ол Норвегия жағалауы бойымен мәрмәр тасымалдауға арналған. Жоба дәстүрлі дизель отынын пайдалануды азайтып, теңіз көлігін экологиялық тұрғыдан тиімді етуге бағытталған.

BRF Froan кемесіне қуаты 23,5 мегаватт-сағат болатын аккумулятор орнатылады. Оны Норвегияда жабдықтау жоспарланған. Сондай-ақ кемеге биіктігі 24 метр болатын екі роторлы желкен орнатылған. Олар жел күшін пайдаланып, кеменің қозғалысына қосымша қуат береді. Алдағы уақытта жүк люктерінің үстіне жалпы ауданы 1000 шаршы метрге жуық күн панельдерін орналастыру көзделген.

Кеме Бреннейсунн мен Эльнесвоген қалалары арасында шамамен 425 шақырым қашықтықта қатынайды. Жоспар бойынша, ол жылына көмірқышқыл газының шығарындыларын шамамен 9 мың тоннаға, азот оксидтерін 200 тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Жоба толық іске қосылғаннан кейін кеме өндірістік мақсаттағы жүк тасымалдайды. Оған бес жылдық келісімшарт жасалған. Ал Қытайда осыған ұқсас екінші кеме – BRF Frøya да жасалып жатыр. Оны 2027 жылы тапсыру жоспарланған.

Мамандардың пікірінше, бұл жоба электр қуатымен жүретін технологияларды ірі теңіз жүк тасымалына енгізудің маңызды қадамдарының бірі болмақ.