Қытай тәжірибесі: 2000 жылдық тарихы бар ирригация жүйесі
Чэнду қаласынан небәрі 50 шақырым жерде таңғажайып әрі өте ежелгі гидротехникалық құрылыс бар. Ол - Дуцзянянь суару жүйесі. Дуцзянянь Цинь династиясы кезінде салынған. BAQ.KZ тілшісі Сычуанды құрғақшылық пен су тасқынынан құтқарып келе жатқан ең көне суару жүйесі Дуцзянянь жүйесінде болып, көрші елдің тәжірибесімен танысты.
Қытайдың "Жэньминь жибао" газеті ұйымдастырған "Бір белдеу, бір жол" медиа ынтымақтастығы форумына жиналған БАҚ өкілдері Чэнду қаласы маңындағы Дуцзянъянь ирригация жүйесінде болып, Қытай тәжірибесін көрді.
Қытайдың батысында және Сычуань провинциясының орталығы Чэнду қаласының маңында орналасқан Дуцзяньян қаласы 1208 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Бұл қалада 800 мыңға жуық адам тұрады.
Дуцзяньян да Қытайдың үздік туристік қаласы, ұлттық тарихи-мәдени қала және ұлттық деңгейдегі экологиялық демонстрациялық аймағы саналады.
Қаланың климаты тұрғындарға да, келушілерге де қолайлы.
Дуцзяньянның 52,8%-ын орманды алқап алып жатыр. Бұл Янцзы өзенінің жоғарғы ағысын маңызды экологиялық тосқауылмен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ол Чэнду қаласы үшін жалғыз суды сақтау аймағы ретінде жұмыс істейді.
Дуцзяньян - ұзақ тарихы мен терең мәдениеті бар туристік қала. Бұл үш әлемдік мұраға ие қала. Атап айтқанда, Дуцзяньян суару жүйесі және алып пандалардың мекендейтін Цинчэн тауы және тағы бір суару жүйесі.
Дуцзянянь суды үнемдеу жобасы б.з.д. 256 жылы салынған. Оның шамамен 2280 жылдық тарихы бар.
Дуцзянянь суды үнемдеу жобасы суды бөгетсіз суаруға бағыттай алады. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, бұл бүгінге дейін өте жақсы жұмыс істеп тұрған жалғыз ежелгі суды үнемдеу жобасы.
Дуцзянянь жүйесі салынбай тұрып Миньцзян өзенінің суы үнемі өз жағасынан асып, тасқынға себепші болып келген.
Дуцзянянь құрылғаннан кейін Чэнду жазығының кең байтақ құнарлы жерлері мемлекет қазынасына айналған.
Бұл жүйе бүгінге дейін өз рөлін атқарып, үлгілі суару мұражайы аталып кеткен.
Дуцзянянь жүйесі - ол тек суару жобасы ғана емес, сонымен бірге қала тұрғындары мен қонақтары демалатын жайлы орын.
Сонымен қатар ирригациялық кешен – саясаттан, діннен, сәулет өнерінен бар жақсының басын қосқан құнды мәдени мұра.
Жергілікті билік өкілдерінің ақпаратынша, бұл суару жүйесін ЮНЕСКО "Дүниежүзілік мұра нысандары" тізіміне енгізген.
Еске сала кетейік, Су және ирригация министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мен Қытай екі ел арасындағы трансшекаралық өзендердің суын бөлу мәселесі бойынша үкіметаралық келісім жобасын әзірлеп жатыр.
Келісім жасаудағы негізгі мақсат - Балқаш көлін қалыпты деңгейде сақтауға кепілдік беретін су көлемінің түсуін қамтамасыз ету.
Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған күннен 2 маңызды құжат: Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеуді қолға алды.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Нидерланды, Франция, Германия, Қытай, Израиль мемлекеттерімен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы 7 меморандум жасады.
Мәселен, Нидерландымен су тасқынына қарсы іс-қимыл және сала мамандарын даярлауды, Франциямен Балқаш көлі бассейніне зерттеу жүргізуді, Дүниежүзілік банкпен Солтүстік Аралды қалпына келтіру жобасының екінші кезеңін іске асыруды жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында су қорын жинар, ирригация жүйесін дұрыс қолдануға тапсырма берген болатын.