Бүгiн 2026, 13:11 Фото: tvmnews.mt

Қытай Тайвань маңында арнайы операция басталғанын мәлімдеді

Бейжің бұл қадамды Жапония мен Филиппиннің теңіз шекараларын айқындау жөніндегі келіссөздеріне жауап деп атады.

Қытай Тайваньның шығысындағы теңіз аумағында арнайы теңіз құқық қорғау операциясын бастады. Бейжің бұл қадамды Жапония мен Филиппиннің Қытай өз құзіретіне жатқызатын ауданда теңіз шекараларын айқындау жөнінде келіссөз бастау туралы шешіміне жауап ретінде түсіндірді.

«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, операцияға Фуцзянь және Гуандун провинцияларының теңіз басқармалары, Шығыс навигациялық қамтамасыз ету орталығы мен Шығыс құтқару басқармасы қатысып жатыр.

Қытай тарапының мәліметінше, операция ҚХР-дың теңіздегі әкімшілік юрисдикциясын жүзеге асыруға, шалғай аудандардағы патрульдеуді күшейтуге, кеме қатынасын бақылау мүмкіндіктерін арттыруға және теңіз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қытайдың Global Times басылымы операцияның басталуына Филиппин президентінің Токиоға жуырдағы сапары кезінде Жапония мен Филиппин жасаған бірлескен мәлімдеме себеп болғанын айтты. Тараптар Тайваньның шығысындағы теңіз акваториясында айрықша экономикалық аймақтар мен континенттік қайраң шекарасын айқындау жөніндегі келіссөздерді бастайтынын жариялаған.

Қытай мұндай әрекеттерді біржақты шешім деп бағалап, елдің құқықтарына қайшы келеді деп есептейді.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин мұндай келіссөздер Қытайдың қатысуынсыз жүргізілмеуі тиіс екенін мәлімдеді.

Қытай заңнамасына және халықаралық құқыққа, соның ішінде БҰҰ-ның Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясына сәйкес, Қытайдың бұл ауданда айрықша экономикалық аймақ пен континенттік қайраңға қатысты құқықтары бар. Тайваньның шығысындағы теңіз кеңістігін айқындау мәселесі міндетті түрде Қытайдың қатысуымен жүзеге асырылуы керек, – деді Мао Нин.

Ол сондай-ақ Жапония мен Филиппиннің Қытайды айналып өтіп келіссөз бастау әрекеті халықаралық құқықты өрескел бұзу болып саналатынын және Қытайдың теңіздегі мүдделеріне нұқсан келтіретінін айтты.