Бүгiн 2026, 19:24 Фото: Жасанды интеллект

Қытай, Парсы шығанағы және G7: Әлем саясаты қалай өзгеріп жатыр?

Сарапшы әлемдегі жаңа тәртіпті түсіндірді.

Францияның Эвиан қаласында өтіп жатқан G7 саммиті әлемдік саясаттың дәстүрлі архитектурасы қарқынды өзгеріп жатқан кезеңге тұспа-тұс келді. Егер осыдан жиырма жыл бұрын «Үлкен жетілік» қабылдаған шешімдер экономикадан бастап қауіпсіздікке дейінгі жаһандық күн тәртібін айқындаса, бүгінде Батыс державалары ықпалы артып келе жатқан жаңа күш орталықтарының мүдделерін барған сайын көбірек ескеруге мәжбүр.

Қытай, Үндістан, Парсы шығанағы елдері және басқа да өңірлік ойыншылар енді әлемдік үдерістердің жай ғана бақылаушысы емес. Олар сауда бағыттарына, энергетикалық нарықтарға, инвестициялық ағындарға және тіпті жаһандық қауіпсіздік мәселелеріне ықпал ете алатын халықаралық күн тәртібін қалыптастырушы дербес қатысушыларға айналып отыр.

Осы тұрғыдан алғанда, G7-нің қазіргі саммиті қабылдануы мүмкін нақты шешімдерден гөрі әлемдік саясаттағы терең өзгерістердің көрінісі ретінде ерекше қызығушылық тудырады. Батыс елдері бүгінде негізгі халықаралық мәселелерді шешу мүмкін болмайтын мемлекеттермен өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын іздеуге көбірек көңіл бөлуде.

Неліктен «Үлкен жетілік» өз тәсілдерін қайта қарауға мәжбүр болып отыр, бұл үдерісте Қытай мен Таяу Шығыс елдері қандай рөл атқарады және қалыптасып келе жатқан көпполярлы әлем Қазақстан үшін қандай мүмкіндіктер ашады? Осы сауалдар төңірегінде BAQ.KZ тілшісі саясаттанушы Жанат Момынқұловпен әңгімелесті.

G7 енді жалғыз ықпал орталығы емес

Қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін G7 елдері әлемдік саяси және экономикалық күн тәртібін іс жүзінде толық айқындап келді. Алайда соңғы жиырма жылда жағдай өзгерді.

Қытай мен Үндістанның күшеюі, Парсы шығанағы мемлекеттерінің ықпалының артуы, сондай-ақ 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысының салдары әлемдік мәселелерді енді тек Батыс клубы аясында шешу мүмкін еместігін көрсетті.

Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, қазіргі саммит осы үрдістің айқын көрінісі.

Дәстүрлі түрде жетекші батыс елдерінің үйлестіру алаңы болған G7 біртіндеп сыртқы күш орталықтарымен, ең алдымен Қытаймен және Таяу Шығыс мемлекеттерімен өзара әрекеттесуге мәжбүр икемді геосаяси механизмге айналып келеді,-деді Жанат Момынқұлов.

Қытай: бәсекелес әрі серіктес

Саммиттің басты ерекшеліктерінің бірі – Францияның Қытаймен диалогты кеңейту бастамасы болды. Бүгінде Бейжің әлемдік саудада, логистикада, технология саласында және қауіпсіздік мәселелерінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар Батыс елдері оны стратегиялық бәсекелес ретінде қабылдауды жалғастырып келеді. Бұл ұстанымды Франция президенті Эммануэль Макрон айқын көрсетіп отыр.

Макрон Қытайды бір жағынан жүйелік бәсекелес, екінші жағынан жаһандық мәселелерді шешудегі қажетті серіктес ретінде қарастырады. Мұндай екіұдай көзқарас идеологияға негізделген саясаттан прагматикалық дипломатияға көшу үрдісін көрсетеді,-дейді Момынқұлов.

Сарапшының пікірінше, бұл әлемдік саясаттың қатаң блоктық бөліністен нақты мәселелер бойынша жағдайға қарай әріптестік орнатуға көшіп жатқанын аңғартады.

Батыс неге Таяу Шығысқа бет бұрды?

Саммиттің тағы бір маңызды бағыты – Таяу Шығыс елдерімен өзара іс-қимыл.

Сауд Арабиясы, Катар және Мысыр бүгінде тек энергетикалық нарықтарға ғана емес, өңірлік қауіпсіздік үдерістеріне де ықпал етіп отыр.

Соңғы жылдардағы энергетикалық дағдарыстар мен Таяу Шығыстағы қақтығыстар Батыс елдерін араб мемлекеттерін халықаралық мәселелерді шешуге белсендірек тартуға итермеледі.

Іс жүзінде Парсы шығанағы елдері жаһандық дипломатияның толыққанды қатысушыларына айналып келеді.

Батыстың бірлігі әлсіреп бара ма?

Ортақ ұстаным туралы мәлімдемелерге қарамастан, G7 ішінде ұлттық мүдделерге негізделген айырмашылықтар күшейіп келеді. Жанат Момынқұловтың айтуынша, бұл әсіресе Ресей мен Қытайға қатысты саясатта байқалады.

Тіпті G7 ішінде де ұлттық ұстанымдардағы айырмашылықтар көрінеді. Мысалы, Жапонияның Ресейге қатысты дипломатиялық сигналдары экономикалық және өңірлік мүдделердің Батыстың ортақ позициясына барған сайын көбірек ықпал ете бастағанын көрсетеді,-деді Жанат Момынқұлов.

Бұл мемлекеттердің бүгінде одақтастық міндеттемелерден гөрі өз ұлттық мүдделерін басшылыққа ала бастағанын және халықаралық жүйенің күрделене түскенін аңғартады.

Жаһандық өзгерістер аясында Орталық Азияның маңызы да артып келеді. Бұған дейін BAQ.KZ тілшісі өңірдің неге G7 елдері мен Батыс үшін барған сайын маңызды бола бастағаны туралы жазған болатын. Бұл қызығушылық энергетикалық ресурстармен қатар Еуропа мен Азияны байланыстыратын жаңа көлік дәліздерінің дамуымен де байланысты.

Қазақстан үшін қандай мүмкіндік бар?

Сарапшының пікірінше, болып жатқан өзгерістер Қазақстан үшін тәуекелдермен қатар жаңа мүмкіндіктер де қалыптастырады.

Бір жағынан, әлемдік күш орталықтары арасындағы бәсекелестік күшейіп, белгісіздік артып, жаһандық экономиканың геосаяси дағдарыстарға тәуелділігі жоғарылайды.

Екінші жағынан, көпполярлы жүйе сыртқы саясат пен экономикалық әріптестікті әртараптандыруға көбірек мүмкіндік береді.

Ірі державалар арасындағы бәсекелестік жағдайында орта мемлекеттер серіктестіктерді әртараптандыруға және жаңа көлік-экономикалық бағыттардағы, соның ішінде Транскаспий дәлізіндегі рөлін күшейтуге көбірек мүмкіндік алады,-дейді Момынқұлов.

Оның айтуынша, Қазақстан бұл кезеңді көпвекторлы саясатын нығайтуға және Батыспен, Қытаймен, Таяу Шығыс елдерімен және Орталық Азия мемлекеттерімен қатар ынтымақтастықты кеңейтуге пайдалана алады.

Әлем барған сайын бытыраңқы сипат алып келеді

Эвиандағы саммиттен шығаруға болатын басты қорытынды – G7 көшбасшылары қабылдайтын шешімдер ғана емес, әлемдік жүйенің өзгеруі.

Бүгінде бірде-бір мемлекеттер тобы әлемдік күн тәртібін жеке өзі айқындай алмайды. Біз ықпал бірнеше күш орталығы арасында бөлінетін анағұрлым күрделі әрі бытыраңқы әлемге өтіп жатырмыз,-деп түйіндеді Жанат Момынқұлов.

Қазақстан үшін бұл икемділікті сақтауды, сыртқы байланыстарды әртараптандыруды және қалыптасып келе жатқан көпполярлы әлем ұсынатын жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды білдіреді.