Қытай студенттері қазақ тілін үйрене бастады

Қытайда жоғары оқу орындары жанынан ашылған ғылыми-зерттеу институттарының саны соңғы жылдары айтарлықтай артты. Университеттерде тек білім беру ғана емес, ғылыми сараптама мен тілдік зерттеулерге бағытталған орталықтар да белсенді жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Қазақстандық зерттеу орталығының директоры, профессор Сунь Фан мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде Қытайдың әрбір ірі университетінде тіл үйренуге және ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған арнайы орталықтар құрылған.

Бейжің шет тілдер университетінде мұндай орталықтардың саны 37-ге жуықтайды. Университетте жалпы 101 тіл оқытылады. Ал Қазақстан орталығы 2015 жылдың соңында құрылды. Қазіргі таңда Қытай бойынша Қазақстанға арналған орталықтардың саны жетіге жетті. Ең алғашқысы Шанхай қаласында ашылған, – дейді профессор.

Профессор Сунь Фанның айтуынша, бұл орталықтардың негізгі бағыты – шет тілін меңгеріп жүрген студенттермен жұмыс істеу. Қазақ тілін оқуға ниетті қытайлық студенттерді қабылдау биыл үшінші рет ұйымдастырылған.

Жыл сайын шамамен 10 студент қазақ тілін меңгеріп шығады. Алдағы жылы бұл көрсеткіш өседі деп күтілуде. Себебі Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс нығайып, өзара қызығушылық артып келеді, – деді ол.

Ал Бейжің шет тілдер университетінің аға оқытушысы Сюн Лэпин екі елдің халқы бір-бірін әлі де толық танып үлгермегенін айтады.

Қазақтар мен қытайлықтар арасында ақпарат алмасу әлі де жеткіліксіз. Соңғы жылдары туризм жанданып келеді: қазақстандықтар Қытайға, қытайлықтар Қазақстанға жиі бара бастады. Алайда қазақ тілін үйреніп жүрген қытайлықтардың саны әлі аз. Қазақстан туралы, тіпті Орталық Азияның мәдениеті мен табиғи ерекшеліктері жөнінде ақпарат жетіспейді, – деді ол.

Сюн Лэпин алдағы уақытта екі ел халқының бір-бірін тереңірек тануы үшін мәдени және білім беру бағытындағы бірлескен іс-шаралар жиі ұйымдастырылуы қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ қытайлық академиялық ортада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев беделді дипломат әрі тәжірибелі көшбасшы ретінде танымал екені айтылды. Қытай сарапшылары оның қытай тілін білуі мен екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайды. Бұл фактор Қазақстан басшысының халықаралық деңгейдегі беделін одан әрі арттырған.

Еске салайық, бұған дейін Қытайда қазақ ұны мен балына сұраныс жоғары екенін жазған едік. Сианьда қаласындағы корпорация Қазақстанмен 10 жылға берік әріптестік орнатып келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы