Қытай СІМ Иран президентінің өліміне қатысты мәлімдеме жасады

Астанада Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И Иран президенті Ибрахим Раисидің өліміне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астанада Қазақстан мен Қытайдың Сыртқы істер министрлері келіссөздер жүргізіп, нәтижесі бойынша бірлескен мәлімдеме жасады.

Келіссөздер барысында біз Иран президенті Аятолла Сейед Ибрахим Раисидің тікұшақ апатынан қайтыс болғанын ресми түрде растағанын білдік. Қытай осы жағдайға байланысты қатты қайғырады. Біз Иран үкіметіне және оның халқына қайғырып көңіл айтамыз, - деді Ван И.

Оның айтуынша, президент Ибрахим Раиси мен Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиян қытай-иран қарым-қатынасы және аймақтағы достық ынтымақтастықтың дамуына маңызды үлес қосқан.

Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И апаттан кейін Қытай құтқару жұмыстарына белсенді қолдау көрсеткенін атап өтті.

Біз Иранға қажетті көмектің бәрін беруге дайынбыз. Иран үкіметі мен халқы бұл қиын кезеңді жеңе алатынына сенімдіміз, - деп көңіл айтты ол.

19 мамырда Иран Ислам Республикасының сегізінші президенті Аятолла Сейед Ибрахим Раиси мінген тікұшақ апатқа ұшырағаны жайлы хабар тарады. Бүгін Иран басшысы мен қасында тікұшақта болған мүшелердің апаттан қайтыс болғаны белгілі болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы