9 Қараша 2026, 13:47

Қытай SatNet интернет спутниктерінің кезекті тобын ғарышқа ұшырды

Қытай SatNet ұлттық интернет жүйесінің төмен орбитадағы спутниктерінің 29-тобын сәтті ұшырды.

Xinhua агенттігінің хабарлауынша, CZ-12 (Long March-12) зымыран-тасығышы Хайнань аралындағы коммерциялық ғарыш айлағынан көкке көтерілген. Спутниктер белгіленген орбитаға сәтті жеткізілді.

CZ-12 – сұйық отынмен жұмыс істейтін екі сатылы зымыран-тасығыш. Оның бастапқы тарту күші шамамен 5 мың килоньютонды құрайды. Зымыранның ұзындығы – 62 метр, ал бас бөлігінің диаметрі 4,2 немесе 5,2 метр. Ол биіктігі 700 шақырым болатын күн-синхронды орбитаға кемінде 6 тонна пайдалы жүк шығара алады.

Қытай соңғы жылдары ұлттық ғарыш бағдарламасын қарқынды дамытып келеді. Атап айтқанда, метеорологиялық, телекоммуникациялық және навигациялық спутниктер жасауға, сондай-ақ Айды, Марсты және астероидтарды зерттеу технологияларын жетілдіруге басымдық беріп отыр. Бұдан бөлек, Жер орбитасында Қытайдың халықаралық ынтымақтастыққа арналған ғарыш станциясы жұмыс істейді.

Айта кетейік, 2025 жылы Қытай ғарышқа 92 рет зымыран ұшырып, ұлттық рекорд орнатқан.